Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Жетісай ауданындағы мақта алқаптарында жиын-терім жұмыстары қызу жүруде. Қазіргі таңда диқандардың қоймасына 115 мың тонна мақта жиналды.
Ақ алтынның өнімділігі гектарына 23,6 центнерден түсіп отыр. Шаруалар бірінші терім жұмыстарын бірнеше күнде толығымен аяқтайды.Ауданда биыл 48 943 гектар аумаққа мақта дәні себілген. Жетісай ауданында мақта түсімділігі жағынан Атамекен ауыл округі көш бастап келеді. Ондағы шаруалар мақтаның әр гектарынан орташа есеппен 27,6 центнерден өнім алса, Ж. Ералиев ауыл округінде 26,8 центнерлік түсіммен үздік үштіктің қатарынан көрінген. Ал, Абай ауыл округінің мақташылары 26,5 центнерлік өнімділік көрсеткішіне қол жеткізді.
Бүгінгі таңда Атамекен ауыл округінің мақташылары - 14 мың 769 тонна, Жылысу ауыл округі - 13 мың 783 тонна, Мақталы ауыл округі -12 мың 597 тонна мақта жинап үлгерген.