Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Жетісай ауданында 9 мектеп пен 2 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілмек. Бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджет есебінен 4 млрд 631 мың теңге бағытталып отыр. Қазіргі таңда 7 мектептің құрылысы басталып кетсе, 2 мектеп пен 2 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы алдағы шілде айында басталады деп күтілуде.
Жетісай аудандық құрылыс бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2019 жылдың мамыр айына дейін игерілген қаржы 960 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, ауданда 3 инженерлік инфраструктура, 1 спорт нысанына және 1 жұмыспен қамту бөлімінің ғимараты мен 10 көп қабатты тұрғын үй құрылысына жоба әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Бұдан бөлек, 3 мектеп және 1 мүгедектер үйі құрылысына жоба сметалық құжаттары әзірлену үстінде.
Сондай-ақ, ауданда тұрғындарды көгілдір отынмен қамту ісі де қарқынды жүргізілуде. Айталық былтырғы жылы 6 елді мекенде табиғи газ берілсе, биыл тағы да 6 ауыл отын жағу азабынан құтылмақ.
«Бұл абоненттер саны бойынша тұрғындардың 80 пайызға жуығы көгілдір отын жағып отыр деген сөз. Биыл олардың қатары тағы 900-дей отбасымен толығатын болады. Биыл аудандағы 4 елді мекенге республикалық бюджеттен қаржы қарастырылып отыр. Қазіргі таңда конкурс шаралары жүргізілуде», - деді Жетісай аудандық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мырзабек Әбішев.
Айта кетейік, бүгінгі таңда аудандағы 106 елді мекеннің тең жартысына жуығы көгілдір отынға қол жеткізген.