Қазақстандық жеті волонтер Біріккен ұлттар ұйымында жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Айтуынша, министрлік халықаралық волонтерлікті дамыту саласында бірқатар жұмыс жүргізіп жатыр.
Үкіметтің тікелей қолдауымен қазақстандық 7 волонтер БҰҰ еріктілер бағдарламасының құрамында жұмыс істеп жүр. Мұндай мүмкіндік әлем бойынша 16 мемлекеттің волонтерлеріне ғана берілген. Қазақстан Орта Азия елдері ішінде мұндай тәжірибені алғаш рет қалыптастырды. Бұл ретте былтыр Орта Азия волонтерлерінің форумы өтсе, биыл 20-21 маусымда Астана қаласында Халықаралық волонтерлер форумы өтеді, - деп атап өтті вице-министр.
Сонымен қатар ол форумның негізгі мақсаты – волонтерлер қозғалысын дамыту және қолдау саласындағы қазақстандық тәжірибені таныстыру, халықаралық аренада елдің оң имиджін қалыптастыру екендігін алға тартты.
Форум 34 шет елдің, Қазақстанның барлық өңірі делегаттарының қатысуымен өтетін волонтерлік саладағы ірі халықаралық іс-шаралардың біріне айналады. Барлығы 400-ге жуық адам қатысады деп жоспарланып отыр. Оның 140-қа жуығы шетелдік қатысушылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, - деді Данияр Қадыров.