Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда Ауған соғысының ардагері отставкадағы полковник Ербол Смағұлов басқарған «Парыз» қоғамдық бірлестігінің құрылтай отырысы болып өтті.
Осы ұйымды құру туралы бастаманы басқа мемлекеттердің, атап айтқанда Ауғанстандағы, Тәжікстандағы, Таулы Қарабақтағы және басқа да елдердегі жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан өңірлік белсенділер, сондай-ақ бітімгершілік миссияларға қатысушылар көтерді.
Құрылтайшылар ретінде жауынгерлік іс-қимылдардың ардагерлері отставкадағы генерал-майор У. Еламанов, полковниктер К. Ілиясов, К. Қангелдиев, А. Қожабергенов, А. Хасанғалиев, В. Ильгнер және басқалар болды.
Онлайн-режимде отырысқа Алматы қаласынан, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарынан және еліміздің басқа да өңірлерінен жауынгерлік іс-қимылдар ардагерлері қатысты.
«Парыз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып сайланған Ербол Қалқаманұлы Смағұлов атап өткендей, жаңа ұйымның негізгі міндеттері жауынгерлік іс-қимылдар ардагерлерін әлеуметтік қолдау және жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу болып табылады. Республикалық қоғамдық бірлестік еліміздің барлық әлеуетті құрылымдарының жауынгерлік іс-қимылдар ардагерлерін біріктіретін болады.
Құрылтай жиналысының нәтижелері бойынша материалдар Әділет министрлігіне «Парыз» басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдар ардагерлерінің қоғамдық бірлестігін тіркеу үшін жолданды.