Жергілікті қамту көрсеткіші былтырға қарағанда 2 есе артқан

15 Желтоқсан 2020, 09:49
1333
Бөлісу:
Жергілікті қамту көрсеткіші былтырға қарағанда 2 есе артқан

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бүгінгі Үкімет отырысы барысында айтты.

Жергілікті қамту мәселесі бойынша негізгі алты салаға мониторинг жасап отырмыз. 11 айдағы көрсеткіш 57%, бұл өткен жылғы 11 аймен салыстырғанда (38% болған) екі есеге артқан. Алға қойған барлық салалық КРІ орындалды. Алайда, жоспарлау мен фактінің арасында біраз арақашықтық болды, ол 3 есеге дейін көбейген болатын. Қазір бұл көрсеткіш төмендеді, бұл бағыттағы жұмыстар Қаржы министрлігімен бірге әлі де жүргізіледі, - деді ол. 

Басқарма төрағасы жергілікті қамту мәселесі бойынша Қарағанды, Алматы, Қостанай, Түркістан, ШҚО облыстары мен Шымкент қаласы алда келе жатқанын айтты. Ал, төмен көрсеткіш көрсеткен өңірлер қатарында – Маңғыстау, Атырау, БҚО, Жамбыл облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы.

Осы жергілікті қамту мәселесін бақылауға әр өңірде жергілікті комиссия құрылған болатын. Шілде айында Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүйелендіру және мониторинг жасау міндеті тапсырылды. Бүгінге дейін 270 комиссия отырысы өтті, осы бағытта Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен СҚО және Қарағанды облыстары жақсы жұмыс істеп келеді. ал, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласының көрсеткіштері төмен. Жалпы комиссия жұмысы тек мониторинг жасау үшін ғана емес, жергілікті жерлердегі тапсырыстың барлығы құрылыс саласы болғандықтан, жобалық-сметалық құжаттарды (ЖСҚ) да көрсету үшін керек. Мысалы, 5 мыңнан астам ЖСҚ жария етілген, ал, жергілікті жерлердегі ЖСҚ саны 9 мыңнан асады. Сондықтан, әлі де болса, әкімдіктер осы жұмысты қадағалап, комиссия отырысында қарауды сұраймын, - деді ол. 

Айта кетейік, бүгінгі үкімет отырысының күн тәртібінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру және жергілікті қамтуды дамыту мәселелері қаралды.

Өзгелердің жаңалығы