Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша жергілікті бюджеттің кірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,4%-ға артып, 4,2 трлн теңгені құрады. 2018 жылы бұл көрсеткіш 3,5 трлн теңге болды, деп жазады finprom.kz.
Бұл ретте жергілікті бюджеттің меншікті кірістері 120 млрд теңгеге артық орындалды. Трансферттер есебінсіз табыс 1,8 трлн теңгені құрады — өткен жылдың қаңтар-қыркүйегімен салыстырғанда 119 млрд теңгеге артық. Өсім негізінен салық есебінен қамтамасыз етілген.
Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында салықтық түсімдер 7,5%-ға, 1,7 трлн теңгеге дейін (бір жыл бұрын — 1,6 трлн теңге) ұлғайды. Негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер мен салықтық емес түсімдер 68,7 млрд және 47,7 млрд теңгені құрады.
Трансферттердің кірісі, өз кезегінде, биыл бірден 31,4%-ға артып, 2,4 трлн теңгеге жетті (бір жыл бұрын — 1,8 трлн теңге).
2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ең көп кірістер Түркістан облысының жергілікті бюджетіне түсті: 509,3 млрд теңге — өткен жылмен салыстырғанда 17,3%-ға артық (434,1 млрд теңге).
Жергілікті бюджет кірістерінің ең көп сомасы бар өңірлердің үштігіне Алматы (408,7 млрд теңге) және Алматы облысы (376,7 млрд теңге) кірді. Топ-5 өңір қатарында Шығыс Қазақстан облысы (292,9 млрд теңге) және Нұр-Сұлтан (285,9 млрд теңге) бар.
Айта кетейік, кірістер жоспары Нұр-Сұлтаннан (99,3%) басқа барлық аймақтарда асыра орындалды.
Ең көп жоспарды Атырау облысы (19,3 млрд теңгеге), Алматы (18,4 млрд теңгеге), Павлодар (12,9 млрд теңгеге) және Шығыс Қазақстан (11,4 млрд теңгеге) облыстары орындады.