Жерге тауар ретінде қарауға болмайды – Мұхтар Тайжан

24 Сәуір 2021, 12:05
5292
Бөлісу:
Жерге тауар ретінде қарауға болмайды – Мұхтар Тайжан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жер реформасы жөніндегі комиссияның 5-ші отырысында қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан жерді жеке меншікке бермей-ақ ауыл шаруашылығын дамытуға болатынын айтты.

Министр мен кейбір комиссия мүшелері жерді жеке меншікке беру керек деп жатыр. Мен онымен толықтай келіспеймін және халқымыздың басым көпшілігі оған қарсы. Себебі ауыл шаруашылығына арналған жерлер Қазақстан аумағының 80 пайызын құрайды,-деді ол.

Сондай-ақ ол жерді жеке меншікке бермей-ақ ауыл шаруашылығын дамытуға болатынын айтты.

Ондай тәжірибе әлем елдерінде бар. Ол еліміздің де тәжірибесі деп айтуға болады. Өйткені 2016 жылға дейін жер жеке меншікке ашық болған кезде оның не бары 0,6 пайызы ғана меншікке кетті, яғни нарық жеке меншік керек еместігін өзі айтып отыр. Онсыз да ауыл шаруашылығын дамытуға болатынын көрсетті. Мұнда ірі фермерлер отыр, олардың жері жеке меншікте емес,-деді Мұхтар Тайжан.

Қоғам белсендісі сондай-ақ жерге экономикалық тұрғыдан қарай бермей, қазақтың менталитетіне де мән беру қажеттігін айтты.

Қазақта жер тек бір адамға тиесілі болсын деген ұғым болған жоқ, ру, тайпаның меншігі болды. Бір адам мыңдаған гектар жерді ешқашан қолында ұстап отырған жоқ. Егер біз халық қалағандай шешім шығармасақ оның арты қоғамдық дағдарысқа апаруы мүмкін,-деді ол.


Өзгелердің жаңалығы