Қазақстанда жер учаскелеріне мемлекеттік актілерді беру жөніндегі мемлекеттік қызмет енді тек онлайн форматта көрсетіледі, деп хабарлады "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ.
Сәйкесінше, енді мемлекеттік актіні рәсімдеуге өтінімді тек eGov.kz порталы арқылы ғана беруге болады.
Мамандардың түсіндіруінше, қызметті алу үшін пайдаланушы eGov.kz порталына кіріп, жер учаскесіне мемлекеттік актіні беру қызметін таңдап, қажетті мәліметтерді толтырып, өтінімге электрондық сәйкестендірудің қолжетімді тәсілдерінің бірі арқылы қол қоюы қажет. Өтінім қаралғаннан кейін дайын нәтиже пайдаланушының Жеке кабинетінде қолжетімді болады.
"Бұған дейін жер учаскесіне мемлекеттік актіні алу үшін азаматтар ХҚКО-ға жеке жүгінуге міндетті болатын. Қазіргі таңда мұндай қажеттілік іс жүзінде жойылды, өйткені өтінімдердің 96 пайызы онлайн форматта беріледі, ал 12 шілдеден бастап қызмет көрсету процесі толықтай цифрлық форматқа көшірілді. Енді eGov.kz порталында өтінім беріп, оған ЭЦҚ арқылы қол қойып, дайын құжатты жеке кабинеттен алу жеткілікті", – деді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин.
Айта кетейік, бүгінде онлайн форматта қолжетімді мемлекеттік қызметтердің қатарында жылжымайтын мүлікке техникалық паспорт пен оның телнұсқасын беру, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, жүргізуші куәлігін алу, еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттарды беру және олардың қолданылу мерзімін ұзарту сияқты қызметтер бар.
Данный текст скопирован с сайта Informburo.kz
https://informburo.kz/kaz/newskaz/zer-ucaskecinin-memlekettik-aktilerin-endi-tek-onlain-aluga-bolady