Талдықорған маңындағы жер сілкінісіне байланысты жедел желі іске қосылды деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Талдықорған қаласында Шерзат Болаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесі кезінде жер сілкінді. Қазіргі таңда ТЖД жер сілкінісіне байланысты жедел желі іске қосылғаны туралы хабаолама таратты.
Талдықорған маңында тіркелген жер сілкінісіне байланысты Жетісу облысы ТЖД тұрғындарға арналған жедел желіні іске қосты. Мамандар келесі нөмір арқылы Сізге кеңес беруге және сұрақтарыңызға жауап беруге дайын: 8 (7282) 32-44-36. ТЖМ жедел қызметтері жергілікті атқарушы органдарды, полицияны және басқа да бейінді қызметтерді хабардар етті. Тұрғындарды сабыр сақтап, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз! ,- деп жазылған ТЖД хабарламасында.
Сот тыңдауы барысында жәбірленуші тараптың қорғаушылары тәуелсіз сарапшы Тахир Халимназаровқа сұрақтар қойып жатқан болатын. Кенет зал дірілдеп, сотта отырғандар жел сілкінісін сезінді. Істі жүргізіп отырған судья сабырға шақырып:
— Тынышталыңыздар, жер сілкінісі тоқтаған соң ғана сыртқа шығамыз, — деп ескертті.
Осы сәтте жәбірленуші тараптың адвокаты сәл әзілмен:
— Қазақпыз ғой, «бісміллә» деп отыра береміз, жалғастырайық, — деді.
Залдағылар бұл сөзге жымиып, күлкілерін жасыра алмады.
Алайда қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, судья сот отырысына үзіліс жариялап, барлық қатысушыларға сыртқа шығуға нұсқау берді.
Айта кетейік, бүгін Шерзат Болат ісі қаралып жатқан сәтте жер сілкінгенін хабарлаған болатынбыз.