Жер сілкінген кезде қандай қателіктер жібердік

24 Қаңтар 2024, 09:18
2421
Бөлісу:
Жер сілкінген кезде қандай қателіктер жібердік
Фото: Арман Мухатов - архив

23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Жер сілкінісінің ошағы қаладан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында орналасқан. Бірнеше минуттың ішінде қалада магнитудасы 5-ке дейін жететін жерасты дүмпулері сезілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматы сейсмикалық аймақта орналасқаны баршамызға белгілі, әр адам жер сілкінісіне кез келген сәтте дайын болуы керек дегенді барлығымыз естіп жүрміз. Дегенмен табиғи апат болған кезде абдырап, не істеп, не қоярымызды білмей қалатынымыз тағы бар.

Бірақ кешегі түн бұл кезде көпшіліктің қалай әрекет ету керектігін білмейтінін немесе дүрбелеңде ұмытып кеткенін көрсетті.

Бүгін сабырға келіп, ес жинағанда қауіпсіздік ережелері бұзылғанын аңғардық.

Сонымен қандай қате жібердік, саралап шығайық. Есте сақтайық. Сақтықта қорлық жоқ.

№1 қателік 

Жер сілкінісі кезінде көптеген адам терезеден қарап, балкондарға шықты.

Терезе мен балкон ең қауіпті  - жер. Қатты дүмпуден терезенің шынысы сынып, зақымдауы мүмкін.  Балкон - үйге бекітілген бөлік және жер сілкінісі кезінде құлап кетуі мүмкін.

Не  істеу керек: Терезеден және ауыр жиһаздардан алыс, қауіпсіз жерде тұру керек:

- ішкі қабырғаға жақын жерде,
- бұрышта,
- есік алдында,
- тірек бағанында.

Ванна шойын болса, сонда кіріп жатуға болады.

Барлық есікті ашық қалдырамыз, яғни іштен бекітіп алмаймыз. Бұл эвакуациялауды жеңілдетеді және қажет болған жағдайда құтқарушылардың үйге немесе пәтерге тез кіруіне мүмкіндік береді.

№2 қателік

Адамдар жер асты дүмпулері кезінде үйден шығып кеткен

Не істеу керек еді: Жер сілкінісінің тоқтауын күту керек. Дүмпу біраз бәсеңдеген соң ғана, үйден, ғимараттан шығу керек. Үйден шыққанның өзінде басыңызды қорғаштап жүріңіз, тіпті сөмкеңізді басыңызға қойып алсаңыз болады.

№3 қателік

Көптеген адам жоғары қабаттан лифтімен түскен.

Лифтімен әлбетте тез. Бірақ қаншалықты тез болса, соншалықты қауіпті. Кез келген сәтте электр қуаты өшіп қалуы мүмкін, сол кезде лифт тоқтап қалуы немесе құлап кетуі де мүмкін. Басқасын айтпағанда, лифт шахтасының сорғыш ретінде жұмыс істейді, жер сілкінісі кезінде өрт болса, лифт ең қауіпті жер болады.

Мұндай жағдайда не істеу керек: Жоғарғы қабаттардан тек баспалдақпен төмен түсу керек, оның өзінде қоршау жағын емес, қабырға жағын жағалай түсу керек.

№4 қателік 

Көп адамда дабыл сөмкесі болмаған. 

Көбінің қолында тек телефон ғана болып үйден жүгіріп шыққан. Дәрі де, құжат та, су да жоқ. Кейбіреулер керісінше  мүлдем қажет емес заттарды алып шыққан.

Әрбір алматылықта төтенше жағдайға арналған сөмке болуы керек. Егер сізде әлі жоқ болса, оны бүгіннен бастап жинап қойғаныңыз абзал.

 Не істеу керек: Дабыл сөмкесін жинап, оны оңай  жерге қойыңыз. Тіпті кіреберіске қойып қойыңыз. Көз алдыңызда болсын. Эвакуация кезінде сақтық шараларын сақтап, онымен басыңызды бүркеп алуыңызға да болады.  

Ол сөмкеде не болуы керек:

құжаттар, ақша, алғашқы медициналық көмек жинағы, үш күндік тамақ, ауыз су және бірнеше күндік тағам, консервілер, жоғары калориялы тағамдар, гигиеналық құралдар, жылы киімдер, көрпе, керек-жарақтар (радио, фонарь, батареялар, сіріңкелер, құралдар, ысқырық) болуы керек.

№5 қателік 

Көптеген адам үйдің ауласында тұрды.

Үйдің немесе ғимараттың жанында тұру өте қауіпті. Ғимарат қираған кезде зақымдану радиусы бірнеше ондаған метрге дейін жетеді. Сынған әйнек немесе ғимараттың бөліктері құлап кетуі мүмкін.

Не істеу керек: Неғұрлым қауіпсіз жерге бару керек. Бұл жақын жердегі Халықты жинау пункттері ( тізім) немесе электр желілері жоқ ашық аумақ. Мысалы, ойын алаңы, футбол алаңы.

№6 қателік

Жарық пен газ сөндірілмеген

Газ шығып кетсе және кездейсоқ ұшқындар пайда болса өрт шығып, жарылыс болуы мүмкін.

Не істеу керек: Үйден кетерде газды жауып, жарықты өшіріп кетіңіз .

№7 қателік 

Алматы қаласында кептеліс пайда болды

Жер сілкінісінен кейін көбі көліктерімен қауіпсіз жерге баруды ұйғарды, қалада кептеліс пайда болды.

Не істеу керек: Төтенше жағдай кезінде  көлік жүргізу қауіпті. Ықтимал төтенше жағдайлардан басқа, кептеліс арнайы техниканың өтуіне кедергі келтіруі мүмкін: өрт сөндірушілер, құтқарушылар және шұғыл медициналық қызметтер. Егер көлік қауіпсіз жерде тұрса, онда сіз машинаның ішінде отыра тұра аласыз. Олай болмаған жағдайда,  Халықты жинау пунктіне жаяу барғаныңыз дұрыс.

№8 қателік 

Жаппай барлығы жанармай құю бекетіне барды.

Дәл осындай кезде жанармай құю бекеті – қауіпті орын. Жер сілкінісі кезінде ол жерде бірінші кезекте өрт шығуы мүмкін, ал егер жанармай көп болса, күшті жарылыс болуы мүмкін.

Не істеу керек: Жанармай құю станциясынан мүмкіндігінше алыс болыңыз.

№9 қателік

Адамдар қорыққандарынан терезеден секірді.

Алматы әкімдігі мәліметінше, зілзаладан зардап шеккен 67 адам медициналық көмекке жүгінген.

Олардың барлығы эвакуация кезінде терезеден немесе балконнан секірген, баспалдақтан құлаған.

Не істеу керек: Жер сілкінісі кезінде емес, дүмпу басылған соң үйден, ғимараттан шығамыз. 

Көпшілікке қарсы жүрмеңіз, дәл осы кезде еңкеймеңіз немесе еденнен ештеңені көтермеңіз. Халықтың нөпірімен тапталып қалуыңыз мүмкін. 

Барынша жинақы жүріңіз. Шынтақтарыңызды бүгіп, кеудеңізге басыңыз. Киіміңіздің түймесін толық түймелеп алыңыз. Шарф, орамал таұсаңыз абай болыңыз, бір жерге ілініп, қылқынып қалуыңыз мүмкін. 

Ең бастысы: Жалған ақпаратқа сенбеңіз. Ақпаратты тексеріңіз және тек ресми дереккөздерді оқыңыз. Үрейді ұшыратын видеоларды қарамауға тырысыңыз. Қорыққанға қос көрінеді демекші, онсыз да зәреңіз ұшып отырғанда жүйкеге салмақ болады. 

Өзгелердің жаңалығы