Geoscience & Exploration Central Asia: «Геология, ресурстар және Еуразияның болашағы» форумы аясында ұйымдастырылған көрме келушілерді Қазақстанның минералдық байлығымен таныстырып жатыр. Экспозицияда еліміздің әр өңірінен жиналған бірегей тастар мен минерал үлгілері ұсынылған.
Көрмеде геолог Глеб Климантов минералдардың ғылыми және коллекциялық құндылығы туралы айтып берді. Оның сөзінше, бұл жоба тек көрме емес, геологияға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Минералогиялық музейдің негізін қалаған Олжабай Исмаилов – Қазақстандағы танымал геологтардың бірі. Ол кеңес дәуірінде-ақ ірі геологиялық қызметтерде жұмыс істеп, кейін өз геологиялық барлау компаниясын құрды. Сол компанияның негізінде және өзінің үлкен қызығушылығының арқасында бүгінгі музей жинақталды. Қазір бізде 1500-ден астам бірегей үлгі бар, – дейді геолог Глеб Климантов.
Біз үшін ең маңыздысы – геология саласына жаңа буын тарту. Ұзақ уақыт бойы бұл салада мамандар аз дайындалды. Сондықтан осындай көрмелер арқылы қоғамның назарын минералдық ресурстарға аударып, ғылымға қызығушылық оятқымыз келеді, – дейді маман.
Мысалы, мынау – темір минералы. Өнеркәсіпте қолдануға жарамаса да, оның дұрыс қалыптасқан кристалдық пішіні өте сирек кездеседі. Табиғатта мұндай ірі әрі нақты формадағы кристалдар сирек, сондықтан оның ғылыми құндылығы жоғары, – деп түсіндіреді геолог.
Самородты мыс әлемде өте сирек кездеседі. Кейде ол ағаш тәрізді немесе түрлі ерекше пішінде өседі. Мұнда көріп тұрғаныңыз – тіпті кітапқа ұқсас формада қалыптасқан мыс. Бұл оның табиғаттағы таңғажайып қасиетін көрсетеді, – дейді ол.
Кристалдар – табиғи “тарих сақтаушылар”. Олар мыңдаған жыл бойы өсіп, айналасындағы барлық химиялық процестерді өз бойына жинайды. Ірі кристалды зерттеу арқылы біз Жердің ежелгі тарихын біле аламыз, – дейді Климантов.
Көрмедегі ең құнды үлгілердің бірі – литийге бай минерал.
Қазіргі таңда литий – ең маңызды элементтердің бірі. Ол аккумулятор өндірісінде кеңінен қолданылады. Тіпті смартфондардың құнының едәуір бөлігі осы литийге байланысты. Бұл минерал өте сирек кездеседі әрі Қазақстанда да бұрын өндірілген, – дейді геолог.