Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жер ресурстарын басқару комитеті eGov.kz порталында жер қатынастары саласындағы жаңа мемлекеттік қызметтерді іске қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2026 жылдың қаңтарынан бастап eGov.kz порталында жер учаскесін жалға алу мерзімін ұзарту, жер учаскесін жеке меншікке біржолғы немесе бөліп төлеу арқылы сату, сондай-ақ жер учаскесінің мақсатты тағайындалуын өзгерту туралы шешім беру қызметтері қолжетімді болды.
Жаңа сервистер мемлекеттік қызметтерді алу ыңғайлылығын арттыруға, олардың көрсетілу мерзімін қысқартуға және жер қатынастары саласындағы процедуралардың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Электрондық қызметтерді іске қосу Жер ресурстарын басқару комитеті мен ҚР МИИиЦР бірлесіп жүргізіп жатқан мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және цифрландыру жұмыстары аясында жүзеге асырылды, – делінген хабарламада.
Ведомство мемлекеттік қызметтерді әрі қарай жетілдіру және автоматтандыру жұмысы жалғасатынын атап өтті.