Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін елордада Жеңіс күніне орай «Жеңіс жолдарымен – Дорогами Победы» атты жылжымалы концерт өтіп жатыр. Әскери жылдардағы музыкалық композицияларды орындайтын сахна мен әртістері бар автокөлік қаланың басты көшелерімен жүріп өтеді.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ұлы Жеңіс, ардагерлердің қиян-кескі шайқастағы ерлігі жайлы әндерді жанды дауыста Сүндет Байғожин, Сүлеймен Ибрагимов, Ринат Малцагов, Айнұр Әбдиева, Дәурен Оразбеков, MOON-Ai дуэті және басқа да көптеген танымал әртістер орындайды.
Жылжымалы концерт шеруі Қорғаныс министрлігінің мұражайынан басталады. Сондай-ақ, Ботаникалық бақ, EXPO, Президенттік және орталық саябақтарда, Талғат Бигелдинов ескерткішінің жанынан көруге болады.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін ретро-көліктер тосынсый ретінде жүріп өтіп, сол жылдарғы ерекше көңіл-күйді жеткізеді. Олар Қабанбай батыр, Орынбор, Панфилов, Мұңайтпасов, Кенесары, Бейбітшілік көшелерімен, Мәңгілік Ел, Тәуелсіздік, Абылай хан және т.б. даңғылдарымен жүріп өтеді.
Көшпелі концерт Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі алдындағы алаңға кеп тоқтайды. Сондай-ақ, көрермендер музыкалық шеруді онлайн режимінде қалалық мәдениет басқармасының YouTube-арнасынан және ведомствоның Instagram желісіндегі @NS.madeniet аккаунтынан көре алады. Іс-шара сағат 17.00-де аяқталады.
Айта кету керек, іс-шара қалалық әкімдіктің қолдауымен барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өтіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы эпидемиологиялық жағдайға байланысты Жеңіс күніне арналған дәстүрлі салтанатты іс-шаралар келесі жылға ауыстырылғанын айтқан болатын.
Мерекеге орай жаппай іс-шаралар өткізілмегенімен, бүгін ардагерлер үйінің алдында әскери оркестрдің шеруі мен қойылымы ұйымдастырылып, соғыс жылдары шырқалған әндерді орындады. Құттықтауға қала әкімі Алтай Көлгінов қатысты.
Сондай-ақ, жақында елорданың барлық аудандарында концерттер, ҰОС ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне естелік сыйлықтар табыс етілді. Кеше ғана Нұр-Сұлтанда Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдиновке арнап ескерткіш ашылды.
Мемлекет батырларымызға қолдау шараларын көрсетіп жатыр. Мереке қарсаңында Ұлы Отан соғысының әрбір ардагеріне 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Сондай-ақ ақшалай көмек Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оған теңестірілгендер, еңбек ардагерлері секілді өзге де жандарға қарастырылған, - деді қала әкімі.
Еске сала кетсек, Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғысының 665 ардагері және 113 555 соғыс мүгедектері бар.
Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне ай сайын 182 мың теңге жәнеЕкінші дүниежүзілік соғыс мүгедектеріне 188 мың теңгедей әлеуметтік төлем төленеді
Одан бөлек, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Жеңіс күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар 6,4 млрд теңге бөлді. Екінші дүниежүзілік соғысы қатысушылары мен мүгедектеріне 1 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетіліп жатыр.