«Өнеркәсіпті дамыту қоры» жеңілдетілген несиемен автокөлік алуға өтініш берген қазақстандықтардың аты-жөнін жариялауы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер Үкімет отырысынан шыққан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтан қойған жеңілдікпен автонесиелеу бағдарламасына қатысқандардың аты-жөндерін ашық жариялауға қатысты сұраған болатын.
«Бағдарламаның барлық қатысушысымен олар өздерінің жеке деректерін жариялауға келісім беруі үшін сөйлесіп көре аласыз ба?» - деп сұрады министр жауап берудің орнына «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаровқа қарата.
Ринат Гаппаров бағдарлама қатысушыларымен сөйлесіп көруге уәде берді.
Жалпы, бағдарлама әділ, ол кез келген адами фактордың ықтималдылығын жояды. Ол цифрландырылған, - деді Марат Қарабаев.
Министр бағдарламаны жақсартуға қатысты ұсыныстарды қараймыз деп отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін қор төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров
бәріне бірдей автонесиеге ақша бөлу мүмкін еместігін айтқан болатын.
Біз бәрін ертерек ескерттік. Небәрі барлығы 761 орын болатынын 5 күн бұрын жарияладық. Өйткені барлығы 7,6 млрд теңге жиналды. Сәйкесінше, несиенің максималды сомасы 10 млн теңге, бұл 761 орынға арналған, - деді Ринат Гаппаров.