Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада жеңілдетілген автонесие бойынша жаңа көліктің кілті бағдарламаның бірінші қатысушысына тапсырылды.
Бағдарлама басталғаннан бері төрт күн өткен соң республика бойынша ең бірінші болып жеңілдікпен көлік алған адам белгілі болды.
Бақытты жанның есімі – Бекзат Тілеген. Астанадағы беделді университеттердің бірінде машина жасау саласының инженері болып жұмыс істейді.
Бұл мен үшін күтпеген жағдай. Бағдарлама бастала салысымен, 16 мамырда өтініш бердім. Сол күні қызымның туған күні еді. Барлық құжаттарды тапсырып, үйге кеттім. 3 күндей күттік. Шевроле менеджерлері хабарласады деп ойламадым. Төртінші күні менеджер хабарласып, көлікті рәсімдеуге шақырды. Шарттары өте тиімді, көлікті бастапқы жарнасыз, 0%-бен 6,5 млн теңгеге 7 жылға алдым. Бұрын үнемі жаңа көлік мінсем деп ойлайтынмын. Бұл – салоннан алып тұрған бірінші көлік. Бүгін біздің отбасымыз үшін ерекше күн, - деп ағынан жарылды Бекзат Тілеген.
Айтуынша, ол КАСКО сақтандыру полисін алған. Сақтандыруды жыл сайын көлік несиесінің қалған сомасына қарай төлеп отырады. Ал бағдарлама туралы сәуірде естіп-білдім деп отыр.
Осы тұрғыда нарықта сұраныс бар жерде бағаның көтерілетінін де ескеру керек. Мәселен, жеңілдетілген пайызбен алуға болатын тізімге енген автокөлік маркалары белгілі болған соң Бекзат алып отырған Сhevrolet Cobalt көлігі шамамен 500 мыңға баға қымбаттап үлгеріпті.
16 мамырдан бастап бағдарлама іске қосылғалы бері біздің банкке 4 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Жоғары сұраныс елорда, Алматы мен Шымкент қалаларында байқалып отыр. Көлік алғысы келгендерге банктің қоятын негізгі талаптарының бірі – соңғы 6 айдағы зейнетақы аударымының болуы. Төлем қабілеттілігі расталған соң несие беру-бермеуді скорингтік жүйе анықтайды. «БанкЦентрКредит» Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиал директорының міндетін атқарушы Гүлжиһан Хамитова.
Мәлімдеуінше, мойнында ипотекалық несиесі бар жандар үшін шектеу жоқ. Тек төлем қабілетін растай алса болғаны. Ал біраз жыл несиесі төленбеген немесе зейнетақы төлемі, жалақысы жетпеген жағдайда несие берілмеуі де мүмкін. Сонымен қатар КАСКО сақтандыру полисін алу үшін қосымша 100-150 мың аралығында қалтаңызда ақшаңыз болғаны абзал. Барлығын скоринг жүйесі әр адам үшін жеке анықтайды деп отыр.
Елімізде құрастырылатын жеңіл автокөліктерді 4%-дық несиемен қамтудың өз шарты бар. Алынатын көлік құны 15 млн теңгеден, ал рәсімделетін несие 10 млн теңгеден аспауы тиіс. Асып кетсе, көлік алушы өзі төлейді. Несие 7 жылға беріледі. Утильалым есебінен 100 млрд теңге қарастырылып отыр.