Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейту керек – Мемлекет басшысы

1 Қыркүйек 2021, 11:36
3889
Бөлісу:
Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейту керек – Мемлекет басшысы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында мәлім етті.

Оның айтуынша, биыл мал шаруашылығы айтарлықтай зардап шеккен.

Ауа райының қолайсыздығынан мал шаруашылығында түйткілді мәселелер бар екенін көрсетті. Біз жедел шара қабылдап, жем-шөп тапшылығына байланысты ахуалды реттедік. Дегенмен бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқару керек. Жем-шөп дайындауға жерді кеңейткен жөн. Сондай-ақ егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егуді сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал,- деді ол.

Сонымен қатар ол алқаптарды бақылау мақсатында ғарыштық мониторинг және ғарыштан зондтау әдістерін кеңінен қолдану керектігін айтты.

Жайылымдық жерді тиімді пайдалану қажет. Қазір жайылымдық жерлерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқапты кейбір белгілі адамдар иеленіп қалған. Тіпті оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ықпалына жығылып бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауы тиіс.  Қосалқы шаруашылықтың малын жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Олардың құқықтық мәртебесі және көрсетілетін қолдау тәсілдері жеке қосалқы шаруашылықтар туралы бөлек заңда көрініс табуы керек. Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуі тиіс, - деді Мемлекет басшысы.
Өзгелердің жаңалығы