Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық тестілеу орталығының басшысы қарамағындағы қызметкерлеріне байланысты сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлама берген адамдарға өз жалақысынан төлеуге дайын.
Бұл туралы Дидар Смағұлов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп өткізген кеңес барысында айтты.
Мен Ұлттық тестілеу орталығында адал және таза адамдар жұмыс істейтініне сенімдімін. Менің жалақым 500 мың теңгеге жуық. Сондықтан егер айына маған бір адам хабарласып, жемқорлық фактісі туралы ақпарат беріп тұрса, мен одан кедей болып қалмаймын. Жалпы мұндай шарадан мемлекет көп пайда табады, себебі біз өз қызметкерлеріміз арасында сыбайлас жемқорлықты анықтап, жоятын боламыз, - деп мәлімдеді ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы басшысының міндетін атқарушы Дидар Смағұлов.
Оның сөзінше, егер мұндай хабарламалар айына 5 рет келіп түссе, онда ол еңбекақысыз қалуға да дайын.
Мемлекет жемқорлар туралы хабар бергендерге онсыз да ақша береді, алайда ол үшін сот шешімінің қорытындысы керек. Біз болсақ ақпарат сенімді болса, ақшаның сот шешіміне дейін беруге дайынбыз. Егер тест тапсырмаларын сату, емтихандарға көмек көрсету фактілері расымен болса, сот шешімін күтпейміз. Құқық бұзушылық туралы хабарлар үшін осындай сияқы дайындап отырмыз, - деді орталық басшысы.