Тәуелсіздік бізге жеңіл келген жоқ. Мұны тарих беттерінде қалған деректерден оқуға болады. Алайда сол күндердің куәсі болып, оны көзбен көріп, жүрекпен сезінген адамдар ғана сол кезеңнің шынайы рухын жеткізе алады. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына тікелей қатысқан азаматтармен тілдесті.
Мадина Жүсіпбекова сол күндердің бел ортасында болғанын айтып, сол сәттерді еске алудың өзі жанға ауыр тиетінін жеткізді.
Қыс мезгілі, желтоқсанның суық күндері еді. Алаңға бейбіт түрде шыққан жастардың қолдарында «сөз бостандығы», «әр халыққа – өз көсемі», «өз жолымызды таңдауға мүмкіндік берілсін» деген мазмұндағы плакаттар болды. Шеруді тарату үшін өрт сөндіру машиналары арқылы жастарға мұздай су шашылды. Мұндай әрекеттер жастардың ішінде үлкен қарсылық тудырды. Себебі олар Конституция аясындағы заңды талаптарын айтып шыққанымен, оны тыңдауға ешкім ниет білдірмеді, - дейді ол.
Мадина Жүсіпбекованың айтуынша, желтоқсан оқиғасы қазақ халқының бірлігін күшейтіп, ұлттық сана-сезімнің өсуіне зор ықпал етті. Осы кезеңнен кейін қазақ тіліне, тарихқа, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге деген қызығушылық арта түсті.
Оқиға куәгері Қали Омаров та сол күндерді ұмытпайтынын айтады. Ол 1986 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің 4-курс студенті болғанын және сол сәтте қыздардың көрсеткен қайсарлығына ерекше тәнті болғанын еске алады.
18 желтоқсанға қараған түні алаңды қоршаған арнайы жасақтың қатаң шабуылы басталды. Қолдарына сойылтаяқ пен сапер күректерін ұстаған қарулы күш жастарды аямай ұрып-соғып, құлағандарын сүйреп, арнайы көліктерге тиеп жатты. Қоршауды бұзып өтуге тырысқандар түрлі жарақат алып, дәрменсіз күйге түсті. Дәл осы кезде алға қыздар шығып, жалынды сөздерімен жігіттердің намысын оятты. Рухы көтерілген жастар қарулы жасаққа жалаң қолмен қарсы шығып, қоршауды бірнеше тұстан бұзып өтті. Сол түнгі қырғыннан аман қалған құрдастарымыздың әңгімесін тыңдай отырып, қазақ қыздарының қайтпас қайсарлығына шын мәнінде тәнті болдық, - дейді Қали Омаров.
(1).jpeg)
Биыл Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 34 жыл толып отыр. Осы 34 жыл ішінде ел бірнеше күрделі саяси кезеңнен өтіп, халықаралық деңгейде өз орны бар, дербес әрі танылған мемлекет ретінде қалыптасты. Өткенді білмей, болашаққа қадам жасай алмайсыз. Сондықтан бұл оқиға біздің тарихымызда ерекше орынға ие.