Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Желмая» жобасында қонақта болған Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Қазақстан азаматтарына жердің жеке меншікке берілгені жөн екенін айтты.
Кейінгі кездері әлеуметтік желілерде «жер Қазақстан азаматтарына да сатылмасын» деген пікір көп. Өз басым демократиялық-либералды ұстанымдағы азамат ретінде Қазақстан азаматтарына жердің жеке меншікке берілгенін дұрыс көремін. Себебі қоғамдағы жағдай, жекешелендіруге деген көзқарас, әділет, әділетсіздік деген түсініктер бұл қадамға қоғамның дайын еместігін көрсетеді. Біріншіден кез келген қадамды жасамас бұрын адам мүдделі болуы керек. Біздің елде сенімсіздік деген бар. «Егер жер жекеменшікке өтетін болса, бай-бағыландар, әкім-қаралар жердің барлығын алып кетеді, қарапайым халыққа еш жер қалмайды» деген көзқарас бар, - дейді ол.
Депутат Жер комиссиясының басты міндеті – ауылдағы экономикалық-әлеуметтік, салықтық, басқа да ойын ережесін 15-20 жылға мызғымастай бекітіп беру екенін айтады. Ауылға инвестиция салып, тіршілік жасаймын деген адамның 20-25 жылдық көкжиегі болуы керек.
Әкімдерден жер сұрап барса, жоқ. Алайда «жер сатылады» деген жарнамадан көз сүрінеді. Өйткені ауыл шаруашылығы мақсатындағы көп жердің бағыты өзгерген. Кейбір әріптесіміз бұл мәселені шешудің бірден бір жолы – мемлекеттік жекеменшік ынтымақтастық форматы болуы мүмкін екенін айтып отыр. Мысалы, «бос жатқан мына бір жерді алайын, тогын тартып, суын жеткізіп берейін де үй салайын. Оның жартысын кезектегілер алсын, жартысын коммерциялық мақсатта пайдаланайын» дейтін инвестор табылар болса, осындай кешенді мәселе арқылы ұлт болып, белгілі бір ымыраға келуіміз керек. Мұны алдағы уақытта ұзақ күттірмей бастап кеткен жөн. Себебі мораторий жыл соңында аяқталады. Жер дауы – қазақ үшін бітіспес дау деп есептейміз ғой. Осы жолғы жер дауы алдағы 20-25 жылдық ымыраға келетін, жаңа экономикаға дем беретінін көрдік, - дейді ол.
Айта кетейік, 25 наурызда елордада Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Ал бұған дейін Жер реформасы бойынша комиссия құрамы бекітілген еді.