Жекеменшік мектептердегі көмекке мұқтаж балаларға қолдау көрсетіледі

15 Наурыз 2024, 11:26
298
Бөлісу:
Жекеменшік мектептердегі көмекке мұқтаж балаларға қолдау көрсетіледі
Фото: Арман Мухатов - архив

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова депутаттың сауалына жолдаған жауабында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Түркістан облысына сапар барысында өткен кездесулерде көтерілген мәселелердің бірін көтеріп, Үкіметке сауал жолдаған болатын. 

Депутат сауалында білім саласындағы мемлекеттік және жекеменшік мектептерге біркелкі қаржы бөлінбеуі, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлердің жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж екенін жеткізді.

Балабиевтің айтуынша, қазіргі кезде мемлекеттік пен жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәртібінде айтарлықтай айырмашылық орын алып отыр. Сонымен қатар жекеменшік мектептерде мемлекет есебінен оқитындардың әлеуметтік жағдайы ескерілмеуі және мемлекеттік көмектің болмауы оқушылардың арасында теңсіздік тудырып отыр.

Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова мемлекет тарапынан жекеменшік мектептерде тұрмысы төмен отбасы балаларына қаржылай және материалдық көмек көрсетуге қатысты ресми жауап берді.

Тамара Дүйсенова атап өткендей, қазіргі кезде қаржылай және материалдық көмек әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға жергілікті бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

Олар:

  • мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар;
  • мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын;
  • жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балалар;
  • отбасыларда тұратын жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар;
  • білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттары.

Қаржылай және материалдық көмек түрлері «Білім туралы» ҚР Заңымен және ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы N 64 қаулысымен реттеледі. Үкіметтің бастамасымен меншік нысанына қарамастан білім беру ұйымдарындағы жекелеген санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге жергілікті бюджеттер есебінен қаржылай және материалдық көмек «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында қарастырылған, - делінген вице-премьердің ресми жауабында.

Заң жобасы шеңберінде 2024-2026 жылдары жергілікті бюджеттен 12,1 млрд теңге мөлшерінде қосымша қаражат көзделген.

Аталған өзгерістер мен толықтырулар күшіне енгеннен кейін осы нормаларды реттейтін заңға тәуелді актілерге тиісті өзгерістер енгізілген соң жекеменшік мектептердегі көмекке мұқтаж отбасы балаларына тиісті қолдау көрсетіледі, - деп айтты Тамара Дүйсенова.

Өзгелердің жаңалығы