Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жекеменшік мектептегі буллинг оқиғасы: Омбудсмен қыздың жағдайы туралы айтты

Бөлісу:
 Depositphotos
Фото: Depositphotos

Алматы қаласындағы жекеменшік мектептердің бірінде болған оқиғаға байланысты зардап шеккен оқушы қазір медициналық мекемеде дәрігерлердің бақылауында. Қаланың балалар омбудсмені Диана Ерланнің мәлімдеуінше, қыздың жағдайы тұрақты, оң динамика байқалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Омбудсмен қазіргі уақытта оқушының әкесімен тұрақты байланыста екенін, отбасына психологиялық қолдау ұсынылғанын айтты.

Осы жағдай бойынша Алматы қаласының Білім басқармасы мониторингтік топ құрған. Сонымен қатар құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Диана Ерланның сөзінше, әлеуметтік желілерде осы оқиғаға қатысты пікір білдіруді сұраушылар көп. Алайда тексеру толық аяқталғаннан кейін ғана ресми ақпарат жарияланады.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы, себептері мен нақты деректері анықталып жатыр. Тексеру аяқталғанға дейін түрлі қауесеттер мен расталмаған ақпаратты таратудан, сондай-ақ үшінші тұлғаларды жанама түрде айыптаудан бас тартуды сұраймын. Жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертемін, – деді балалар омбудсмені.

Еске сала кетейік, 29 қаңтар күні Алматыда оқушы қыз өзіне қол жұмсамақ болғаны жайлы ақпарат тараған болатын. Аталған жағдайдан кейін оқушы қыз жансақтау бөліміне түскен. Осы дерек бойынша арнайы мониторингтік топ құрылып, тергеу басталды.

Өзгелердің жаңалығы