Бүгін жеке тұлғалар үшін мүлік пен жер салығын төлеу мерзімі аяқталады

1 Қазан 2019, 13:04
2850
Бөлісу:
Бүгін жеке тұлғалар үшін мүлік пен жер салығын төлеу мерзімі аяқталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Салық кодексінің 532-бабының 6-тармағына сәйкес, мүлік салығы нысан орналасқан жері бойынша өткен есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 қазанынан кешіктірмей төленуі тиіс.

Сондай-ақ, ҚР Салық кодексінің 514-бабының 3-тармағына сәйкес, жеке тұлғалар салық органдары есептеген жер салығын өткен есептік салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 қазанынан кешіктірмей төленуі тиіс.

Сәйкесінше, 2018 жыл үшін мүлік және жер салығы 2019 жылдың 1 қазанынан кешіктірмей төленуі тиіс. Қолданыстағы ҚР Салық заңнамасында айыппұл есептеу шаралары көрсетілмеген. Тек салықты уақытылы төлемеген жағдайда өткізілген әр күнге өсімпұл есептеледі.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың аяғына дейін жеке тұлғаларға арналған салықтық рақымшылық үрдісі жүруде. Оның ережелеріне сәйкес, жеке тұлға берешегінің негізгі сомасын өтеген жағдайда өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы өткен салықтық кезеңдер үшін берешегі бар азаматтар борышын а.ж. 1 қазанына дейін өтемеген жағдайда 8 АЕК (20000 теңге шамасында) көлеміндегі айыппұл есептелетіні туралы хабарлама шындыққа жанаспайтынын еске салады. 

Салық төлеушілер борыштарының бар-жоғын Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан тексере алады.
Өзгелердің жаңалығы