1 қаңтардан бастап Қазақстанда жеке табыс салығына қатысты бірқатар өзгеріс күшіне енді. Бұл өзгерістер кей азаматтардың табысына салық салынбауына, яғни ЖТС төлеуден босатылуына мүмкіндік береді. Әсіресе әлеуметтік қолдауға мұқтаж топтарға, сондай-ақ белгілі бір төлем түрлеріне қатысты жеңілдіктер қарастырылған.BAQ.KZ тілшісі 1 қаңтардан бастап жеке тұлғалар қандай жағдайда табыс салығын төлемейтінін шолып шықты.
Жеке табыс салығы деген не?
Жалпы жеке табыс салығы дегеніміз – азаматтың табысынан мемлекетке төленетін міндетті төлем. Ол көбіне жалақыдан, сыйақыдан, қосымша табыстардан және өзге де кірістерден ұсталады. Әдетте жұмыс беруші қызметкердің айлығынан белгілі бір пайызды ұстап, бюджетке аударады. Алайда заңда көрсетілген кейбір табыс түрлері салық салудан босатылады.
Сонымен енді кімдер жеке табыс салығын төлемейді?
1. Әлеуметтік төлем алатын азаматтар
Мемлекеттен берілетін әлеуметтік сипаттағы төлемдердің бір бөлігіне салық салынбайды. Олардың қатарына мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, бала тууына және бала күтіміне байланысты төлемдер, мүгедектікке байланысты төлемдер жатады.
Бұл төлемдер азаматтың күнделікті қажеттілігін өтеуге бағытталғандықтан, олардан табыс салығы ұсталмайды.
2. Алимент алатын тұлғалар
Заң бойынша алимент табыс емес, әлеуметтік міндеттеме ретінде қарастырылады. Сондықтан алимент алатын азаматтар бұл қаражат үшін жеке табыс салығын төлемейді.
3. Кейбір өтемақылар мен компенсациялар
Белгілі бір жағдайларда берілетін өтемақылар да салық салынбайтын табысқа кіреді. Мысалы: іссапар шығындары (заңда көрсетілген шекте), жұмыс барысында келтірілген зиянды өтеу төлемдері, қызметтік міндетін атқару кезінде берілетін өтемақылар.
4. Мұрагерлік және сыйға тарту арқылы алынған мүлік
Азамат мұрагерлік арқылы немесе сыйға тарту шартымен мүлік алса, кей жағдайларда бұл табыс ретінде есептелмейді. Бірақ мұнда нақты тәртібі бар: мүліктің түріне, бағасына, туыстық қатынасқа байланысты талаптар өзгеруі мүмкін.
5. Жеңілдікке ие азаматтар
Кейбір азаматтарға заңда арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Олардың ішіне көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар және әлеуметтік тұрғыда осал топтар кіреді.
Салықтан толық босатылады ма?
Бұл жерде әр азаматтың жағдайына қарай нақты есеп өзгеше болуы мүмкін екенін ұмытпаған абзал. Маңыздысы – салықтан босатылу екі түрлі болады.
Біріншісі, толық босату табысқа мүлде салық салынбайды. Ал жеңілдік ретінде қарастырылса, табыстың белгілі бір бөлігі ғана салықтан босатылады.
Не істеу керек?
Егер сіз ЖТС төлемеу немесе жеңілдік алу құқығыңыз бар деп ойласаңыз:
- онда өз мәртебеңізді нақтылап алыңыз (жәрдемақы, мүгедектік, көпбалалы отбасы және т.б.)
- жұмыс орныңыздың бухгалтериясына немесе кадр бөліміне хабарласыңыз,
- қажет болса eGov арқылы анықтамаларды жаңартыңыз,
- ресми ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитеті арқылы тексеріңіз.
Жалпы, 1 қаңтардан бастап жеке табыс салығына қатысты жеңілдіктер мен босатулар азаматтардың әлеуметтік жағдайын жеңілдетуге бағытталған. Әсіресе әлеуметтік төлем алатындар, алимент алушылар және белгілі бір өтемақыларға ие азаматтар үшін бұл өзгеріс маңызды.
Дегенмен нақты кімнің қандай табысына салық салынбайтыны төлемнің түріне және азаматтың мәртебесіне тікелей байланысты.
Біз бұған дейін жеке табыс салығы (ЖТС) аясында миллиондаған адамның жалақысы артатыны жайлы жазған едік.