Сот шешімі орындалуы керек. Бірақ соңғы жылдары жеке сот орындаушыларының әрекетіне қатысты шағым көбейгені рас. Осы тұрғыда Мәжіліс депутаты бірқатар өзгерістерден тұратын пакет әзірленгенін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жазда осы маселемен әртүрлі қысым көрген адамдармен де, жеке сот орындаушыларының республикалық палатасымен де кездестік. Екі жактың да сезін тыңдап езгерістер пакетін дайындадық,- дейді Айдарбек Ходжаназаров.
Сонымен енді не өзгереді?
Адам құқығы бірінші орынға қойылады
Енді азамат жеке сот орындаушысының шешіміне сотқа шағым түсірсе, сот шешімі шыққанға дейін қойылған барлық тыйым мен шектеу уақытша тоқтатылады.
Бұрын мұндай шағым беруге небәрі 10 күн ғана берілетін. Құжат жинау, адвокат табу, жағдайды бағалау - осының бәріне уақыт жетпей қалатын. Енді бұл мерзім 30 жұмыс күніне дейін ұзартылды. Бұл - азаматқа өз құқығын қорғауға нақты мүмкіндік беретін қадам.
Артық тыйымдарға тосқауыл қойылады
Тағы бір маңызды өзгеріс – «артық тыйым салу» тәжірибесіне шектеу қойылады.
Бұрын кей жағдайда жеке сот орындаушысы көлік сатуға, жеке кәсіпкерлікті жабуға, тіпті қарапайым мәміле жасауға тыйым сала салатын. Енді мұндай шектеулер тек нақты іс аясында, заңды әрі түсінікті себептермен ғана қолданылуы тиіс.
Аз қарыз үшін бәрінен айырылмайды
Қоғамда ең көп көтерілген мәселенің бірі мүлікті кепілге қою тәртібі.
Енді қарыз сомасы аз болса, азаматтың барлық мүлкін кепілге қоюға жол берілмейді. Жеке сот орындаушысы тек қарызды жабуға жеткілікті мүлікпен ғана шектелуі керек. Бұл өзгеріс әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған.
Процесті созса - жауап береді
Жеке сот орындаушыларының жауапкершілігі де күшейтіледі. Егер олар істі себепсіз созып, азаматты әуре-сарсаңға салса, айыппұл салу немесе қызметін уақытша тоқтату қарастырылған.
Яғни сот шешімдері қағаз жүзінде емес, нақты әрі дер кезінде орындалуы тиіс.
Тыйым туралы алдын ала ескерту міндеттеледі
Енді шетелге шығуға тыйым салынатын болса, азаматқа бұл туралы арнайы хабарлама жіберілуі керек.
Адам әуежайда, жол үстінде немесе ұшаққа мінер алдында ғана тыйымды біліп қалмауы тиіс.