Жээнбеков: Атамбаев қарсылық көрсетіп Конституция мен заңды өрескел бұзды

8 Тамыз 2019, 12:45
2152
Бөлісу:
Жээнбеков: Атамбаев қарсылық көрсетіп Конституция мен заңды өрескел бұзды

Алматы, BAQ.KZ. Алмазбек Атамбаев заң аясындағы тергеу амалдарына қарулы қарсылық көрсетіп, Қырғызстан Республикасының Конституциясы мен заңын өрескел бұзды. Бұл туралы Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 8 тамыз күні Қауіпсіздік кеңесінде өткен жиында айтты, деп жазды kg.akipress.org.

Жээнбеков жиын барысында Қырғызстан Республикасы құқықтық мемлекет екенін айтып өтті. Мемлекеттің міндеті – барлық азаматтың заң талаптарын қатаң сақтауын қамтамасыз ету.

«Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің мүшелеріне жүгінді, ол заңды сақтау жөніндегі барлық шараны орындау қажеттігін айта келе, елдегі қауіпсіздік пен бейбітшілік үшін шұғыл түрде қажетті шараны қолдану керектігін айтты»,- дейді баспасөз қызметіндегілер.

ҰҚМК төрағасы Орозбек Опумбаев, ішкі істер министрі Қашқар Жүнушәлиев, бас прокурор Өткурбек Жамшитов кеше болған оқиғаға байланысты президентке мәлімет берді. Жиын қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданды. 

Еске салсақ, кеше Қой-Таш ауылында кешкі сағат 20.00 шамасында күштік құрылымдар Қырғызстанның экс-президентін ұстамақ болған. Алайда Атамбаевтың жақтастары оларға тойтарыс беріп, бір әскери адам қаза тапқан болатын.

Атамбаевты ұстау кезінде 48 адам зардап шеккені туралы осыған дейін хабарлағанбыз. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстандағы ахуал көрші елдің ішкі шаруасы екенін айтты. Аталған оқиғаға байланысты қырғызстандық әлеуметтік желі қолданушылары #БізҮшіншіРеволюцияғаҚарсымыз акциясын бастады.

Өзгелердің жаңалығы