Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы «Монтажник» саяжай серіктестігінің тұрғындары жол мәселесіне байланысты дабыл қақты. Олардың айтуынша, кәріз желілерін тарту үшін қазылған көшелер бірнеше айдан бері қалпына келтірілмей, тұрғындарға қолайсыздық туғызып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тұрғындардың сөзінше, былтыр аудан көшелеріне жаңа асфальт төселіп, халықтың қуанышы еселенген. Алайда биыл кәріз құбырларын жаңарту жұмыстары басталып, жолдар қайта қазылған.
Біз таулы аумақта тұрамыз. Жолдар еңіс болғандықтан, сапалы асфальтсыз көлікпен жүру де, жаяу қатынау да қиын. Әсіресе қыс мезгілінде жағдай тіпті күрделене түседі, – дейді тұрғындардың бірі.
Фото: threads.com/@linaeres_
Оның айтуынша, құрылыс жұмыстары мамырдан шілдеге дейін жүргізілген. Бірақ жұмыстар аяқталғаннан кейін жолдар бұрынғы қалпына келтірілмеген. Көшелерде шұңқырлар мен ойықтар қалып, кей жерлер уақытша ғана жабылған.
Тұрғындар тағы бір мәселе ретінде кәріз суының сыртқа ағуын атап өтті. Олардың сөзінше, жөндеу жұмыстарынан кейін кей учаскелерде кәріз жүйесі жиі ақау беріп, жаңбыр жауған сайын мәселе қайта қайталанады.
Тұрғындар мен «Арман» ПКСТ өз күшімізбен жолды реттеуге және ағып жатқан кәрізді тоқтатуға тырысамыз. Бірақ әр жаңбырдан кейін бәрі қайтадан бастапқы күйіне түседі, – дейді олар.
Жергілікті халық бірнеше рет әкімдікке және e-Otinish платформасы арқылы өтініш жолдаған. Алайда тұрғындардың айтуынша, жауапты органдар жаңа асфальттың тек келесі жылы төселетінін хабарлаған.
Қазірдің өзінде қоқыс таситын көлік әрең көтеріледі. Бірде жедел жәрдем көлігі осы ой-шұңқырлы жолмен 20 минутқа жуық жүрген. Жаяу жүрудің өзі қауіпті болып қалды, – дейді тұрғын.
Аудан тұрғынының пікірінше, коммуналдық желілерді тарту жұмыстары аяқталған соң жолдар бірден қалпына келтірілуі тиіс еді. Олар бірнеше айдан бері өзгеріс болмай отырғанына наразы болып, жауапты органдардан мәселені тезірек шешуді сұрап отыр.
Бұл жағдайға қатысты Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева пікір білдірді. Аудан басшысы аталған аумақтағы жол учаскесін жөндеу жоспарда барын айтты.
Кәріз жүйесін өткіздік. Қазанның аяғына дейін жолды қалпына келтіреміз, - деп қысқа қайырды аудан басшысы.
Еске сала кетейік, 5 қазан күні де Алматыда асфальт опырылып, автобус қозғала алмай қалған болатын. Әлеуметтік желіде Төле би көшесінде жол опырылып, жолаушылар автобусының дөңгелегі шұңқырға түсіп кеткен сәт түсірілген фото тарады.