Атырауға судың көп бөлігі мамыр айының басында келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстық ТЖ жөніндегі жедел штабқа сілтеме жасап.
Батыс Қазақстан облысы тарапынан келетін үлкен су көлемі Атырауда Жайық өзенінің арнасын мамыр айының басында тасытуы мүмкін. Бұл туралы облыстық жедел штаб жанындағы зерттеуші ғалымдардың жұмысшы тобының өкілі Арман Жұмағазиев мәлімдеді.
Бұрынғы деректерге сүйенсек, Атырау облысына судың көп бөлігі мамыр айының орталарында келген. Бірақ, биылғы жылы Ресей аймағынан су көлемінің көп келуі, көктемгі су тасқынның ерте басталуына себеп болып отыр. Батыс Қазақстан облысы тарапынан төменге аққан су Атырауға шамамен 6-7 күнде келеді. 2-3 мамыр күндері Жайық өзенінің арнасы толады деп күтілуде, - дейді ғалым.
24 сәуір, 8 сағаттағы мәлімет бойынша, Жайық өзенінің Атырау қаласы гидропостындағы су деңгейі 422 см-ге жетті. Өзеннің қауіпті деңгейі 550 см. 24 сәуір күнгі мәлімет бойынша, Атырау қаласында Жайық жағалуына 229,6 шақырым бөгет тұрғызылды.