Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Соғыс жылдары Қарағанды аймағында жаралы жауынгерлерді қабылдайтын 6 эвакуациялық госпиталь болған. Майдан даласынан жараланып қайтқан жауынгерлерді емдеп, қатарға қосқан эвакогоспиталдардың бірі Қарағаны іргесіндегі қазіргі Сұрыптау станциясындағы "Теміржолшылар" мәдениет үйінің ғимаратында ұйымдастырылған.
Бүгін біз Қарағандының мәдени орны ғана емес, екінші дүниежүзілік соғыстың тарихымен байланысты ескерткіштердің бірі саналатын "Теміржолшылар" мәдениет үйін сөз етеміз. Мәдениет үйінің қабырғасы осыдан 84 жыл бұрын, сонау 1936 жылы қаланған. Тарихи деректер мәдениет үйі саяси тұтқын, ленинградтық архитектор Петрайтистің жобасы бойынша салынғандығын айтады. Сол заманда тарихи ғимараттың архитектурасы қайталанбайтын өзгешелігімен ерекшеленген екен. Ғимараттың тағы бір ерекшелігі - оны салу кезінде темір жол тармағы төселіп, темір жол краны да пайдаланылған. 1937 жылы аймақтағы мәдениет пен өнердің жалғыз орталығы ретінде жұмысын бастаған мәдениет нысаны көп ұзамай елдімекеннің басты мәдени-демалыс орнына айналады. Мәдениет үйінің алаңында мемлекеттік мейрамдар мен кәсіби мерекелерге орай түрлі шаралар ұйымдастырылады. Станцияның тұрғындары мен барлық теміржолшылар бос уақыттарында мәдениет үйінің алаңына ағылып, демалыстарын отбасымен бірге осында өткізеді.
1942 жылы екінші дүниежүзілік соғыстың қызып тұрған шағында "Теміржолшылар" мәдениет үйінің ғимаратында эвакуациялық госпиталь ұйымдастыру жайлы шешім шығарылады. Сол жылдың жазында Сортировка станциясына медицина қызметінің майоры Марк Ионтов басшылық еткен эвакогоспиталь №3414 ат басын тірейді. Эвакогоспиталь өзінің медицина жабдықтарымен келгенімен, жетіспейтін басқа да құрал-жабдықтарды, дәрі-дәрмекті Қарағанды облысының денсаулық сақтау бөлімі жеткізеді. Эвакуациялық госпиталь №3414 мәдениет үйінің барлық үш қабатында орналасады. Осылайша, қайта жабдықталған "Теміржолшылар" мәдениет үйінің ғимараты бір мезетте 200 жаралы жауынгерді қабылдап, оларға емдеу-сауықтыру қызметін көрсете алатын эвакогоспиталға айналады. Қарағандылықтар болса жаралы жауынгерлерге қолдан келген көмегін аямады, олар солдаттарға тұрмыстық қажеттіліктер, жылы киім, төсек орын, ыдыс аяқ, кітап әкеліп отырған. Тіпті қиын-қыстау кезеңде госпиталдағы жаралылар мен дәрігерлердің көңілін көтеру үшін концерт қойып, қойылым көрсеткен күндері де болған. 1943 жылы госпиталдың басқа жерге көшуіне байланысты ғимарат жабдықталып, қайыра мәдениет үйіне айналды.
Соғыс аяқталғаннан кейін "Теміржолшылар" мәдениет үйінде кәсіби актерлер, бишілер, музыканттар мен режиссерлер жетекшілік ететін үйірмелер мен ұжымдар жұмыс істей бастады. Қазақстан Кеңес Үкіметінің құрамында болған жылдары мәдениет үйінде драма театры, үрмелі аспаптар оркестрі, ардагерлер хоры сияқты шығармашылық ұжымдары құрылып, кәсіподақ кітапханасы мен спорт секциялары ашылды. Шығармашылық ұжымдар концерттік бағдарламаларымен Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, шет мемлекеттерде де гострольдік сапарлармен болды. Мәдениет үйінің ұжымдары еліміздің Алматы, Нұр-Сұлтан, Жамбыл, Шымкент, Балқаш, Қарқаралы, Теміртау, Шахтинск қалаларындағы, Шу, Щучинск, Бурабай елдімекендеріндегі, сонымен қатар, Ресейдің Калинин, Кемерова қалаларындағы көрермендер алдында өнер көрсетті. Сол заманды көрген қариялардың айтуынша, кештер ине шаншар жері жоқ залдарда өткен. Теміржолшылар өздерінің клубтарын мақтанышпен айтып, мәдениет үйінде бос уақыттарын өткізіп, демалуды ұнататын, - дейді мәдениет үйінің директоры Серік Мұқанов.Еліміздің тәуелсіздік алып, нарықтық қоғамға өткен кезеңде көптеген мәдениет үйлері мен клубтар қирап қалды немесе тиын-тебенге сатылды. Қарағандылық теміржолшылар өздерінің мәдениет үйін бұрынғы қалпында сақтап қала алды. Тәуелсіздік жылдары "Теміржолшылар" мәдениет үйі "Отан - 2004", "Женіс - 2005", "Турксиб – 2006" мерейтойлық пойыздардың жұмысына белсене қатысып, елімізге еңбек сіңірген әртістермен бірге өнер көрсетті.
Мәдениет үйінің жалпы аумағы 4764 шаршы метрді құрайды. Мұнда үлкен көрермендер залы және кинозал, үйірмелерге арналған бөлмелер бар. Қазіргі уақытта әртүрлі жастағы категорияға арналған 24 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Онда 1140 адам шығармашылықпен айналысады. Өнер ұжымдарының ішінде "Магистраль" ардагерлер хоры, Үрмелі аспаптар халықтық оркестрі, "Коралл" би ұжымы, "Терпсихоры" спорттық бал билері ансамблінің "халықтық" және "үлгілі" атақтары бар. Сонымен қатар, дәстүрлі өнерді дәріптейтін ұжымдар да жұмыс жасауда. Оның ішінде қазақтың ұлттық аспаптарының фольклорлы оркестрін, қуыршақ театрын, вокал группасын айтып өтуге болады, - дейді С.Мұқанов.Мәдениет үйіннің шығармашылық ұжымдары Елбасының, ҚР Президентінің Жолдауын насихаттау бағытындағы ауқымды мәдени-бұқаралық шараларға үнемі белсенді атсалысады. Өнер үйінде салауатты өмір салтын сақтауға шақыратын, есірткі мен ЖИТС-ке қарсы шаралар, байқаулар үнемі ұйымдастырылады. Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін мәдениет үйі қашықтықтан жұмыс істеуге көшкен. Осыған қарамастан, өнер ұжымдары ғаламтор арқылы әлеуметтік желіде видеоконцерттер, онлайн сақабақтар өткізуде. Жеңістің 75 жылдығына орай мәдениет үйінің инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасында 9 мамыр күні "Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды" атты онлайн концерт өтеді.