Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1-қазан Қарттар күніне орай Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЖД-158/5 мекемесі басшылығының бастамасымен мекемедегі жазасын өтеуші 11 азамат Тараз қаласындағы №1 арнайы әлеуметтік қызмет орталығының ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, мұнда бойынан қуаты кеткен қариялармен қоса тағдырдың жазуымен арбаға танылған жандар да көптеп кездеседі.Үлкенді сыйлау, көңілдеріне қаяу түскен қарияларға қол ұшын созу жас ұрпақтың парызы. Біз бүгін мекеме қызметкерлерімен ақылдаса отырып, қарттарымыз тұратын арнайы әлеуметтік қызмет орталығын абаттандыруды қолға алдық. «Жақсылық жаса» акциясы аясында осы қарттар үйінің маңын қоқыстардан тазарттық. Жеміс-жидек ағаштарын ретке келтірдік. Бұл жерде түрлі тағдыр иелері бар. Самайларын ақ шалған қарияларымыздың көңілін аулап, бір серпілту үшін қолымыздан келгенін жасадық, - дейді ЖД-158/5 мекемесі бастығының орынбасары әділет майоры Айгүл Танашева.
Өз кезегінде арнайы әлеуметтік қызмет орталығының қызметкерлері ҚАЖ қызметкерлерінің бастамасымен ретке келтірілген ағаштарды әрдайым бақылап, күтіп, баптап отыратындықтарын жеткізді.
Көмекке мұқтаж қарттарымызды көпшілік болып қамқорлыққа алу жайлы жиі айтамыз. Халқымыз мұндайда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Ендеше, ардагерлер ұйымдарымен тығыз байланыс орнатып, халқымызға тән адамгершілікпен қамқорлыққа зәру адамдарға көмек көрсету осылайша, жұмыла қимылдап, елдігімізді таныту бәрімізге міндет! Әрине, бүгінде қарт адамдарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған игілікті істер аз емес. Дегенмен, жастық шағын еліміздің гүлденуімен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету тек мемлекет тарапынан ғана емес – бүгінгі жас буынның басты парызы екенін де ұмытпаған жөн, – деді әділет майоры Айгүл Танашева.