Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Жүніс Әбдіқайыров облыстағы түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың білім алуы мен жұмыспен қамтылуы туралы 2020 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар жайлы айтты.
Білім ала алмай, темір торға тоғытылған жандар ҚАЖ мекемелерінде орта және кәсіптік білім алып, мамандық игеруде.
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің 2014 жылғы 18 тамыздағы №516 бұйрығында сотталғандарға негізгі орта, бастауыш, жалпы орта білім, техникалық және кәсіби білім алу туралы көрсетілген. Оның ішінде 30 жасқа дейінгі сотталған азаматтар орта білім алуға міндетті деп көрсетілген. ЗК-169/4, ЗК-169/5 мекемелерінде жазасын өтеуші азаматтардың өтініштері алынып, Қалалық жалпы білім беретін кешкі мектептің «Мектепке қабылдау туралы» бұйрығымен 2020 - 2021 оқу жылына 36 сотталушы мектепке қабылданды. Мекеменің ішкі күн тәртібіне сәйкестендіріп, сотталғандардың сабақ кестесі мен оқу жоспары құрылған. Қазіргі уақытта карантиндік шектеулерге байланысты кейс технологиясына сәйкес оқытушылар сотталғандарға қашықтықтан білім беруде – дейді ол.
Жазасын өтеушілерге кәсіптік білім беру бойынша Қызылорда политехникалық, Қызылорда құрылыс және бизнес, Қызылорда қызмет көрсету колледждерімен ЗК-169/5 мекемесі арасында 2020-2021 жылға білім беру қызметін ұйымдастыру және қамтамасыз ету туралы келісім-шарт жасалған.
2020-2021оқу жылына «тігінші», «ағаш ұстасы» және «газоэлектрдәнекерлеу» мамандықтар бойынша ЗК-169/5 мекемесінен 75 сотталушы оқуға қабылданды.
ЗК-169/5 мекемесінде барлығы 10 кәсіпкер мекеменің өндірістік аймағында жұмыс істеуде (тігін цехы, газоблок цехы, пескаблок цехтары, пенаблок цехы, кірпіш цехы, және дәнекерлеу цехтары) және онда 198 сотталушы жұмысқа орналастырылды.
Өңіріміздегі кәсіпкерлік субъектілермен ЗК-169/4 мекемесінде жазасын өтейтін сотталғандарды еліміздегі карантиндік шараларға байланысты жұмысқа орналастыру бағытындағы жұмыстар уақытша тоқтатылып, қазіргі таңда, яғни 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап карантин жағдайының жеңілдетілуіне байланысты, ЗК-169/4 мекемесінде сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз ету жағдайы бойынша жұмыстар атқарылуда – дейді Жүніс Әбдіқайыров.
Қыркүйек айынан бастап, жаңа жұмыс орындары ашылып, 27 сотталушы жұмысқа орналастырылды.
ЗК-169/5 мекемесі аумағында өндіріс орындарын ашу, кеңейту, жаңғырту үшін кәсіпкерлік субъектілерді тарту жұмыстарын жүргізу үшін, Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, Қызылорда облысы прокуратурасы қызметкерлерінің, жергілікті бизнес субъектілерінің қатысуымен семинар-кеңес өткізілді. Сонымен қатар, алдағы уақытта ЗК-169/5 мекемесінің өндірістік аймағына кәсіпкерліктерді тарту мақсатында, Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Ашық есік» күні, тауарлар жәрмеңкесін өткізілуі жоспарлануда – дейді әділет подполковнигі.