Жайық өзенінің жағасынан 160 тонна қап топырақ шығарылды

5 Шілде 2024, 16:10
226
Бөлісу:
Жайық өзенінің жағасынан  160 тонна қап топырақ шығарылды
VIDEO
Фото: скрин

Атырауда Жайық өзенінің жағасынан 160 тонна қап топырақ шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

"Таза Қазақстан" акциясы аясында мұнайлы астанада іс-шаралар жалғасуда. Бүгін, 5 шілдеде туған өлке табиғатының тазалығына бей-жай қарамайтын тұрғындар сенбілікке шықты, деп хабарлайды Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы.

Еске сала кетейік, Атырау облысында ТЖ режимі 7 сәуірде жарияланды.

Өңірде ай бойы су тасқынына дайындық жүріп жатты. 30 күнге жетпейтін уақыт ішінде өңір тұрғындары Жайық өзенінің жағалауын су тасқынынан қорғау үшін құммен толтырып, 5 миллионға жуық қап жинады.

Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде барлық елді мекендер, соның ішінде Атырау қаласы да үлкен судан қорғана алды. Бүгін "Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында жағалаулардағы қорғаныс үшін құм толтырылған қапшықтар шығарылуда.

Жалпы алғанда жағалауды қаптардан тазартуға біздің ұжымнан 160 адам қатысуда. Сондай - ақ, арнайы техника-үш экскаватор, екі КамАЗ, бір самосвал жұмылдырылған. Бұл жерде жағалауды ретке келтіру жұмыстарын атқарудамыз, - деді "Атырау Жарық" АҚ президенті Мейірбек Губашев.

Сенбілік аясында Жайық өзенінің бүкіл жағалауы 16 учаскеге бөлінді. Әр учаскеге жауапты үйлестірушілер бекітілді. Акция қорытындысы бойынша, жұмысшылар жағалаудан 160 тонна топырақ шығарды. Инертті материал құмды карьерлерге қайта төгілді.

"Таза Қазақстан" акциясы аясында біз Жайық өзенінің жағасынан құм салынған барлық қапшықтарды жинай бастадық. AMANAT партиясына бекітілген өзіміздің белгілі бір учаскеміз бар. Қазір мұнда партия мүшелері, қоғам белсенділері, депутаттар мен жастар жұмыс істейді. Су тасқынына дайындық жақсы деңгейде өтті, қазір қауіп сейілді, енді кейін қаланы ретке келтіру керек, - деді AMANAT партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Ыдырысов.

"Таза Қазақстан" акциясы Атырау облысының бес ауданында да жалғасын тапты.

Жастар үшін сенбіліктер квест форматында өтті.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылар "Таза жағалау", "Таза ауыл", "Таза аула", "Таза көше" номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтады.

Өзгелердің жаңалығы