Жайың қалай, жатақхана?

18 Тамыз 2022, 19:51
1832
Бөлісу:
Жайың қалай, жатақхана?
Фото: автордан

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жаңа оқу жылының басталуына санаулы ғана күндер қалды. Осыған орай мониторингтік топ мүшелері жоғары оқу орындары жанындағы жатақханаларды аралап шықты.

Мониторингтік топ құрамына «Жастар рухы» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Әнуар Искарин бастаған «AMANAT» партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңес мүшелері және жас депутаттар кірді. Мониторингтік топ алдымен Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің Жастар үйіне барды. Бұл жатақханаға биыл педагогика және экономика факультетінің студенттері мен оқу орны жанындағы колледж оқушылары қабылданып жатыр. Жатақхана 500 студентке арналған. Мұнда екі және үш адамдық бөлмелер, ас үй, кір жуу бөлмесі, оқу залы және акт залы бар.

Жайың қалай, жатақхана?

Студенттер оқу жылына дейін үйлерінде отырып, Smart ARSU мобильді қосымшасы арқылы жатақханадан орын алу үшін өтініш береді. Тіркеліп, жататын бөлмесін, келу мерзімін таңдап, белгілейді. Біздің есепшілер автоматты түрде студенттерді қабылдайды. Содан соң білім алушылар Каспи қосымшасы арқылы жатақхана ақысын төлей алады. Биыл Жастар үйінің жатын орнының ақысы 75 мың теңге болып отыр. Ал басқа жатақханаларға студенттер он айға 50500 теңге төлейді. Қазір студенттерді мобильді қосымша арқылы қабылдау жүріп жатыр. 20 тамыздан бастап олар осында келіп, орындарына орналасады, — дейді университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің бас маманы Айгүл Сексенқызы.

Бұдан кейін мониторингтік топ М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің №5 жатақханасына барып, студенттердің жатын бөлмелерін аралап шықты. Бұл жатақхана 970 адамға арналған. Бұл ғимарат биыл 1, 2-курстың студенттеріне берілмек.

Жайың қалай, жатақхана?

Былтыр студенттер бір орындық бөлмеге он айға 160 мың, екі орындық бөлмеге 112 мың, бес орындық бөлмеге 100 мың теңге төледі. Биыл бұл бағалар өзгеруі мүмкін. Бұл мәселеге қатысты ертең университет басшылығы отырыс өткізеді. Жалпы біздің бес жатақханада да студенттерге барлық жағдай жасалған. Жаңадан салынған осы корпустан бөлмелер алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі, сондай-ақ белсенді студенттерге де берілуі мүмкін. Себебі бұл корпус университетке жақын орналасқан, — дейді университеттің жастар ісі жөніндегі бөлім жетекшісі Мейрамгүл Жұмағалиева.   

Жұмыс тобы сондай-ақ қаланың ескі бөлігінде орналасқан Қазақ-орыс халықаралық университеті жатақханасының жағдайымен де танысты. Бұл жатақхана 160 студентке жасақталған. Мұнда білім алушылардың күнделікті өміріне барлық жағдай жасалған.

Бүгін үш бірдей жоғары оқу орнының жатақханасын аралап шықтық. Бұл оқу орындары — облыстағы ірі білім ошақтары.Бұларда жыл сайын мыңдаған студент білім алады. Топ мүшелері жатақхана бөлмелерін аралап, олардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайының қалыпты екендігіне көз жеткізді. Үш жатақхана да студенттерді қабылдауға дайын, ешқандай қиындық не олқылық жоқ, — дейді «Жастар рухы» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Әнуар Искарин.

Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе облысында студенттерге арналған 38 жатақхана бар. Оның 11-і жоғары оқу орындарына тиесілі болса, 27-сі арнаулы оқу орындары жанында орналасқан. Оның ішінде 9 жатақхана — аудан орталықтарында. 

Өзгелердің жаңалығы