Жайық өзені бассейнінде ғылыми зерттеу жүргізу қажет – профессор

28 Қыркүйек 2021, 16:50
4827
Бөлісу:
Жайық өзені бассейнінде ғылыми зерттеу жүргізу қажет – профессор

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ынтымақтастық форумында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор м. а., география ғылымдарының кандидаты, профессор Қажымұрат Ахмеденов айтты.

Оның айтуынша, трансшекаралық өзендерге ғылыми зерттеу жүргізу қажеттілігі туындап отыр, өйткені судың ластануы жүріп жатыр. 

Қазір суды ластайтын зиянды қалдықтар екені айтылды, алайда оның ластануына басқа да факторлар әсер етуде. Сондықтан Жайық өзеніне ғылыми зерттеу жүргізу қажет. Трансшекаралық суды сақтау жөнінде екі ел арасында көптеген жиын өтіп, үкімет деңгейінде келісімдер де жасалып жатыр. Тіптен суды сақтау жөнінде «Жол картасы» да әзірленді. Мен айтып отырған судың ластануы тек Жайық өзеніне қатысты емес, ол бүкіл Еуразия құрлығына тән құбылыс. Оған соңғы кезде орын алып отырған жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі әсер етіп отыр, - дейді Ахмеденов.
Оның айтуынша, ауа райының өзгеруі қуаңшылыққа әкелетінін бұған дейін көптеген ғалым айтып кеткен. 
Қазір климаттық өзгеріс табиғатқа әсер етіп жатқанын көріп отырмыз. Шөлді жерде өмір сүретін көптеген жәндік, жануар солтүстікке қарай жылжуда. Мәселен, Маңғыстауда Каспий маңында өмір сүретін аққұмырсқаны Атырау облысынан көруге болады. Сары шаяндар Жәнібек ауданында өріп жүр. Сондай-ақ құстар да солтүстікке қарай көше бастаған. Оған қоса Батыс Қазақстандағы шағын көлдер мен өзендер де тартыла бастаған. Жергілікті атқарушы билік өлкені сумен қаматамасыз ету үшін су қоймаларын жаңартып, жаңасын салуды ұсынып отыр. Алайда бұл жобалардың барлығы ғылыми түрде зерделенбеген, - дейді профессор.
Сондай-ақ жиын барысында Жайық, Ертіс трансшекаралық өзендерінің экожүйесін сақтау, Каспий итбалығының популяциясын сақтау, киіктерді сақтаудағы ынтымақтастық мәселелері қаралады.

Форум экология, геология және табиғи ресурстар саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған қатысушылар арасындағы нақты уағдаластықтарға қол жеткізу үшін халықаралық диалог алаңын құрады.

Өзгелердің жаңалығы