Жайықтағы балықтың қырылуы: Депутаттар Бас прокурордан көмек сұрады

13 Наурыз 2019, 15:11
2650
Бөлісу:
Жайықтағы балықтың қырылуы: Депутаттар Бас прокурордан көмек сұрады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаттары Жайықтағы балықтың жаппай қырылу проблемасын көтеріп, Бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа сауал жолдады. 

Мәжілісмен Артур Платонов бұған дейін парламент депутататтары Үкіметтен осы мәселені сұрағаны жайлы, бірақ әлі күнге дейін нақты ақпараттың жоқтығы туралы айтты. Платонов өзенді өлі балықтардан тазарту керектігін атап өтті, себебі бұл үлкен апатқа әкелуі мүмкін.

«Бұған қоса, халықтың да осы балықтан зиян шекпейтініне ешқандай кепілдік жоқ. АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті зерттеулерінің нәтижесінде балықтың аммиактан уланғаны анықталды. Бірақ бұл болжамдардың бірі ғана. Атырау облыстық өңірлік инспекция балықтың жаппай қырылуына байланысты екі қылмыстық іс қозғады. Дегенмен әлі күнге дейін кәсіпорындарда, иесіз және апатты мұнай кен орындарында тексерулер жүріп жатыр. Ешқандай ресми қорытынды жоқ. Құзырлы органдар еш ақпарат бермеді. Ал бұл өз кезегінде халыққа дұрыс мәліметті жеткізуге, түрлі қауесеттің таралуына жол бермеуге мүмкіндік беруші еді. Бұған қоса, тонналап балық өлген суды жергілікті халықтың пайдалануы қаншалықты қауіпсіз деген сұрақ туындайды», - деді Артур Платонов.

Депутаттың айтуынша, күн жылынғандықтан өлі балықтар судың бетіне қалқып шығып жатыр. Артур Платонов Жайық өзені тазаланып жатқанын және екі күнде жарты тонна өлі балық жиналғанын да айтты. 

«Қайрат Пернешұлы, жоғарыда айтылғандардың негізінде тергеу барысын жеке бақылауыңызға алуыңызды сұраймыз», - деді депутаттардың атынан сөз алған Артур Платонов.

Атап өтсек, кеше ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Жайық өзеніндегі балықтардың қырылуына қатысты түсініктеме берген болатын. Сенаторлар да былтырдан бастап осы мәселені көтеріп келеді.

Қымбат Елтайқызы

Өзгелердің жаңалығы