Ұландық жауынгер сотталған адамның қашып кетуіне жол бермеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қарағандыда ҚР ІІМ Ұлттық ұланы әскери қызметшісінің кәсібилігі мен қырағылығының арқасында сотталған адамның қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен қашып кетуіне жол берілмеді.
№ 9 бекетте тұрған 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Мірсәлім Рысқұлов №29 мекемені күзету кезінде сотталғандардың бірінің қашып кету әрекетін байқаған.
Жағдайды жедел бағалап, ол дереу байланыс құралдары арқылы қарауыл бастығына хабар берді. Одан соң дабыл белгісін қосып, ескерту ретінде ауаға оқ атты. Сарбаздың уақтылы әрі шешуші әрекеттерінің арқасында қашуға әрекет жасаған адам тоқтатылды.
Бірнеше минут ішінде оқиға орнына бақылаушылар взводы жетіп, құқық бұзушыны ұстады және жағдайды толық тұрақтандырды.
Әскери бөлімнің басшылығы қатардағы жауынгер Рысқұловтың әрекеті құқықтық тәртіп әскерлері жауынгерлеріне тән жоғары жауапкершілік, салқынқандылық пен кәсіби дайындықтың айқын көрінісі екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс жүргізілуде.