Жауғаштыдағы әйелдер колониясында Абайға арналған кеш өтті

29 Қараша 2019, 13:25
6723
Бөлісу:
Жауғаштыдағы әйелдер колониясында Абайға арналған кеш өтті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жауғаштыдағы әйелдер колониясында сотталғандар ақын Абайға арнап шығармашылық кеш өткізді.

Ұлы ақынның шығармашылығы мен еңбектері қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің барлық тәрбиелік шараларында қолданылып отырады. Абай Құнанбаевтың қара сөздері жазасын өтеп жатқан адамдармен жүргізілетін жұмыстың ажырамас бөлігі.

Алматы облысында орналасқан әйелдер колониясында сотталғандар Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына арнап шығармашылық кеш ұйымдастырды.

Шара жергілікті әкімдіктің және «Жартас - Қазақстан», «Жеті Ағаш» қоғамдық қорларының өкілдерінің қатысуымен өтті.

 Жазасын өтеушілер бұл кешке ерекше дайындалып келгендерін көрсетті: арулар мың бұралған билерін, өлеңдері мен ақынға арнаған монологтарын айтса, кейбірі Абайға арнап шығарған өлеңдерін ерекше мәнермен оқып, келген қонақтарды таңғалдырды.

Бүгінде аталған ҚАЖ мекемесінде 400-ден аса әйел жазасын өтеуде.  

Төменде сотталған әйелдердің ақынға арнап шығарған өлеңдері беріледі:

Сотталған Малика:

Атыңнан айналайын ақын атам,

Ешбір сырын халқынан  жасырмаған.

Қара өлеңмен қазақты жырлап кеткен,

Қара сөзбен халықты асыраған.

 

Бүгін міне туған күніңіз тойлануда,

Сіз жатырсыз қара жердің қойнауында.

Сіз сияқты енді ақын туа қоймас,

Сүті көп, сапасы жоқ қаймағында.

 

Ақын ата, біз Сізді ардақтаймыз,

Қадірлеп жырыңызды біз жаттаймыз.

Жетейік тірі адамның қадіріне,

Кейін барып жылағанша қабіріне.

 

Сотталған Айша:

Бойымды керемет бір сезім билеп,

Жібек жел жолға салды кенет сүйреп.

Абайына Қазағымның 175 жыл,

Толыпты деген дауыс бір-ақ себеп.

Қасиетті әдебиеттің шаңырағын,

Пірлерің кең ашыпты желеп-жебеп.

 

Абай Ақын біз үшін орның бөлек,

Қалдырдың үрпағыңа өнеге көп.

Кітаптарда тізілген қара сөздер,

Табиғатты суреттеген өлеңдер көп.

Махаббатпен лирикаға толы әндерің,

Тараған күллі әлемге береке боп.

 

Адалдық кісіліктің ар ұятын,

Жинаған имандылық шариғаттың.

Жаратқан бөлмесі жармай саған берген,

Қазағымның бар жақсы табиғатын,

Көрсеттің соның бәрін пейіліңмен.

Қамын ойлап халқыңның мейіріңмен,

Абайын еске алып тойлап жатқан,

Айналдым қазағымның пейілінен.

 

Мінезің үйлесімді салмағыңа,

Орның бар тең келмейді хан тағы да.

Қалдырған өзің жазып маржан сөздер,

Тең келмес дүниедегі бар лағылда.

Өрісің кеңейіпті өсіп-өніп,

Сүйсіндік журналдардан мұны көріп

Ағайын жақын күндер той-тойлаймыз.

Қаазағымның Абайы –екі жүзге толып.

 


Өзгелердің жаңалығы