Соңғы 5 жылда ресми деректерге сәйкес, 29 487 жасөспірім қыз жүкті болған. 5 792 қыз жасанды түсік жасатқан. Осы сандарға қарап, елімізде ерте жастағы жүктілік етек алып тұрғанын көруге болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл проблемамен қалай күресу керек? Жасөспірімдерге ерте жүктіліктің қауіпін, салдарын қалай жеткіземіз? Елімізде ерте жүктіліктің алдын алу және одан қалай сақтануға болатыны жайында деректі фильм жарық көрді.
«Ерте жастағы жүктілік» фильмінің авторы - журналист Шырақ Байназар.
Статистика «сөйлейді»
Соңғы 5 жылда елімізде тіркелген ресми деректерге сәйкес, 29 487 жасөспірім қыз жүкті болған. Ал 5 792 қыз жасанды түсік жасатқан. Бұл тек ресми тіркелген жағдайлар ғана.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 150-бабына сәйкес қауіпсіз, медициналық жолмен түсік жасату үшін кәмелеттік жасқа толмаған қыз ата-анасының рұқсатын алу керек. Ал жағдайын әке-шешесіне айтып, жеткізе алмаған қыздар қылмыстық және тұрмыстық түсік жасатып жатады.
Қылмыстық Кодекстің 100-бабы, яғни жаңа туған баланы анасының өлтiруi бойынша соңғы 5 жылда 47 іс қаралған. Бұл тек сәбиді туған қыз-келіншектің тұлғасы анықталған жағдайлар ғана.
Жүктілік. Түсік. Жауапсыз жігіттер мен қыздардың қорқынышы
«Ерте жастағы жүктілік» деректі фильмінің авторы Шырақ Байназар фильм қандай мақсатта түсірілгенін айтып берді.
Автор соңғы үш жыл бойы журналист ретінде жыныстық сауат, репродуктивті денсаулық тақырыптарын зерттеумен айналысқан.
Осы тақырыптарды зерттегенде көптеген хейт пен түсініспеушілікке тап болдым. «Не үшін істеп жатырсың?», «Ол не үшін керек?» деген сияқты. Шын мәнінде, адамдар мұндай мәліметтердің не үшін керек екенін түсіне бермейді. Сол себепті де осы тақырыпты ашатын, адамдарға түсінікті тілде жеткізетін деректі фильм түсіру ойыма келді, - дейді Шырақ.
Ол фильмді түсіру жұмысын осыдан бір жыл бұрын бастаған.
Жұмысқа кіріскенде көптеген қиындыққа кездестім десем артық болмайды. Себебі тақырып ауыр. Ол - біздің қоғамымыздағы тыйым салынған, яғни «табу» тақырып. Мысалы, кейіпкерлер фильмге түсуге бірден келіспеді. Осындай қиындықтар болды, - деп айтты Шырақ Байназар.
Фильм авторы картинаны түсіруге статистика бойынша көрсеткіші жоғары өңірлерден кейіпкерлерді іздеген. Мысалы, Жамбыл облысы, Түркістан облысы, Батыс Қазақстан облысы.
Осы өңірлерде Денсаулық сақтау басқармасы немесе жергілікті адамдар мүлде жолатқан жоқ. Олар «кейіпкер тауып та бермейміз», «байланыстырып та бермейміз» деді. Ал келіскен кейіпкерлер соңғы сәтте бас тартқан жағдайлар болды. Ал жалпы кейіпкерді ұзақ іздедім. Кейін Аналар үйі арқылы кейіпкер табылды. Біз «Еуропа бүлінген», «Еуропа рухани құлдыраған», «Ұяттың шарықтау шегі сол жақта» деп айтып жатамыз. Бірақ шын мәніне келгенде Еуропада мектеп қабырғасында жыныстық сауат сабағы беріледі, сәйкесінше статистика біздің елден 6-7 есе төмен. Яғни ол жақта ерте жастан жүкті болмайды. Бізде орта есеппен шамамен 16,5 жаста жыныстық қатынысқа түседі. Бұл одан да ерте түсетінін білдіреді, - деп айтты автор.
Сөзінше, Еуропада ақпаратты неғұрлым көп білген сайын, соғұрлым жыныстық қатынасқа түсу жасы да шегеріледі. Яғни ол 17,5-18 жастан бастап. Онда қорғаныс құралдары, қорғанбаған жыныстық қарым-қатынастың салдары туралы барлығын білгендіктен, жастар ондай әрекетке асықпайды. Ал керісінше тыйым салынып, ақпарат аз болған сайын оны жастар тәжірибе жүзінде көруге асығып тұрады.
Қоғам, билік өкілдері бұл мәселені қалай шеше алады? Мысалы, біз кризистік орталықтар ашып, тек салдарымен күресеміз. Алайда біз неге осыған алып келетін себептерді реттемейміз? Фильмде осы мәселені көтергім келді. Қоғамда қыз баланы қысып ұстау, ата-ананың баламен ашық, сенімді қарым-қатынас орнатпауы салдарынан қыздың суицид жасау жағдайлары да жоқ емес. Бірақ ол ресми тіркелмегендіктен оны картинада ашық қаузай алмадым. Қыз ата-анасына, айналасындағы адамдарға айтудан соншалықты қорыққандықтан өз-өзіне қол жұмсайды, - деп ойын айтты әріптесіміз.
Фильмде жасанды түсік жасайтындар туралы да айтылады. Яғни интернеттен оқып алған денсаулыққа зиянды тәсілдер жайында.
Сөзінше, еліміздегі бедеулік статистикасына да осындай салдарлар себеп.
Түрлі жыныстық инфекциялар, тұрмыстық түсіктер, қылмыстық түсіктер, осының барлығы еліміздегі жоғары статистикаға алып келеді.
Балаларды қоқысқа, әжетханаға тастау да өзекті мәселе. Осындай жағдайларға тек қыздарды кінәлап жатамыз. Алайда оған қоғам мен біз кінәліміз. Себебі айыптайтын – сіз бен біз. Ал ер балалар жауапкершіліктен қашады, - деді ол.
Шырақ Байназар фильмде ер балалардың жауапкершілігін арттыру, олардың өзінің жеке шекарасын қорғау мәселесін көтергісі келетінін айтады.
Ол бұл мәселені қалай шешуге болатыны туралы ойын ортаға салды.
Ең бірінші кезекте ата-анамен сөйлесуден бастау керек. Ия, елімізде игі бастамалар басталатын кезде оны қоғам негативті түрде қабылдайтын үрдіс бар. Оның себебі – түсіндіру жұмыстары болмағанында. Ата-аналарды жинап, әдіскерлер, психологтар, мұғалімдер жыныстық қарым-қатынастың салдарын түсіндіріп, мектепке пән ретінде енгізу жөн деп санаймын, - деп түсіндірді фильм авторы.
Байназар фильмде көрсетілген статистикалық деректер Статистика бюросынан және Денсаулық сақтау министрлігінен ресми сауал арқылы алынғанын айтты
Сөзінше, бұл бюрода ресми медициналық жолмен жасалған түсіктер туралы мәліметтер. Ал қаншама қыздар үй жағдайында түсіктер жасайды. Олар еш жерде тіркелмеген.
4 оқиға немесе 4 нәрестенің тағдыры
Деректі фильмде ерте жастағы жүктілік жайлы төрт оқиға баяндалады.
16 жасында босанып, дағдарыс орталығында тұрып жатқан қыздың, ҚР ҚK 140, 110, 106 баптары бойынша әйелдер колониясында жазасын өтеп жүрген қыздың, тұрмыстық жасанды түсік және жаңа туған нәрестені әжетхана, қоқыс жәшіктеріне тастау оқиғалары қамтылады.
Фильм Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында түсірілген.
Деректі фильмде қоғамымыздағы құбылыстар, өзекті статистикалық мәліметтер, сарапшылар пікірі айтылады.
«Екі айға дейін жүкті екенімді білмедім»
Ұлытау облысы Жезқазған қаласының тұрғыны Адель 16 жасында босанған. Жас ана қазір қызымен бірге Аналар үйі дағдарыс орталығында тұрады.
Екі айға дейін жүкті екенімді білген жоқпын. Ешқандай белгілер болмады. Бірақ сырттан қарағанда жүкті екенім білініп тұрады. Анам «сен екіқабат емессің бе?» деп сұрайтын. «Жоқ-жоқ» деп мойындамай, қашатынмын. Кейін тексеріп көруге бел буып, «полосканы» көргенде алдымен анамнан қорықтым. Мұндай жаңалықты ең бірінші болып жігітке айттым, ол алғашында қуанды. Ата-анасымен келіп, құда түсті. Кейін екеуіміз бөлек тұра бастадық, - дейді кейіпкер.
Адель жігітімен 15 жасында Instagram желісі арқылы танысқан. Кейін қос ғашықтар сияқты кездесе бастаған. Ал жігіті шамамен 20 жаста болған.
Мен оған қатты сендім. «Сен менікі болуың керексің», «сені жақында жазда аламын», «мен сені тастап кетпеймін» деген сияқты сөздер айтты, - дейді жас ана фильмде.
Адель күйеуімен 3 ай бірге тұрған. Кейін отбасында кикілжіңдер басталып, жігіті «үйден кет, сен маған керек емессің, маған бала да керек емес, мен әлі мұндай өмірге дайын емеспін» деп, баланы алдыртып тастауды сұраған.
«Баланы жалғыз қалай өсіремін? Ертең кім көмектеседі?» деген ойлар мазалады. Болашағымды ойлап, қатты алаңдайтынмын, - дейді ол.
Адель қазір Тау-кен колледжінде оқиды. Ол қызын анасына не болмаса Аналар үйіндегі басқа жас аналарға тастап, сабағына барады.
«Барлығын әйелдің мойнына іліп қойғанбыз»
Репродуктивті денсаулық бойынша сарапшы Камила Тұяқбайдың айтуынша, жыныстық қарым-қатынасқа тартудың зорлық екенін біз ер балаларға үйретпейміз.
Қысым көрсетілген кезде қыздар өздерінің шекараларын қалай қорғау керегін білмейді. Біреуге қысым жасап, оны жыныстық қарым-қатынасқа тартудың зорлық екенін біз жігіттерге үйретпейміз. Ер кісілер, жігіттердің жауапкершіліктен оңай құтылып жатқанының себебі – біз бала тәрбиесінде бала тууды да, бала асырауды да, жүктіліктің дұрыс болуын да, барлығын әйелдің мойнына іліп қойғанбыз. Бұл жауапкершілікті әлі ер азаматтармен бөлісіп үйренбегенбіз. Қоғам да сондай. Бұл қоғамда өмір сүретін әйелдер де соған үйренген, - деп айтты сарапшы.
Сөзінше, осы себептен де әйел бұл тек өзінің ғана жауапкершілігі деп ойлайды.
Ұятты ортада өскен қыздардың үлкендерге барып, өзінің жүктілігі туралы айтудан қорқуы – өлімге дейін апаруы мүмкін, - деп есептейді Камила Тұяқбай.
ЕСКЕРТУ
Тұрмыстық және қылмыстық жасанды түсік инфекциялық-токсикалық шокқа, іріңді-қабынулық ауруларға, жатырды алып тастауға, қан кетулерге, бедеулікке, өлімге әкелуі мүмкін.
Бала мен жаза
Қылмыстық Кодексте мынадай бап бар.
100-бап. Жаңа туған баланы анасының өлтіруі
Төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Қайдан көмек алуға болады?
10 жастан асқан және толық 16 жасқа толмаған балалар үшін медициналық көмек ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдердің қатысуымен әрі жазбаша келісім негізінде көрсетіледі.
16 жастан асқан және 18 жасқа толмаған жеткіншектерге тек ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің жазбаша келісімі негізінде ғана профилактикалық, консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіледі. Бірақ бұған хирургиялық және жүктілікті үзуді сынды қызметтер кіргізілмейді.
18 жастан бастап, 29-ға дейінгі жастарға өздерінің келісімімен медициналық көмек көрсетіле береді.
Медициналық көмек алу үшін Жастар денсаулық орталықтарына (ЖДО) жүгінуге болады.
Жастар денсаулық орталықтары – бұл Қазақстандағы жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті және психикалық денсаулығы бойынша түрлі мәселелермен айналысатын денсаулық сақтау ұйымдары. Онда көмектерді медицина қызметкерлері, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер және заңгерлер көрсетеді.
Елімізде осындай 191 ЖДО жұмыс істейді. Оның мекен-жайын мына жерден (hls.kz) табуға болады.
Ерте жүктілік туралы деректі фильмді көріп, ой түйсеңіздер болады.