Республика бойынша 11-13 жас аралығындағы 1,6 мыңға жуық қыз АПВ-ға қарсы екпе алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанда жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы қыздарды вакцинациялау басталды.
Егілген жағдайлардың арасында иммундаудан кейін қолайсыз көріністер тіркелген жоқ. Қазақстан Республикасының Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымын және халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың Ұлттық техникалық консультативтік тобының шешімін ескере отырып, 11 жастағы қыздар жоспарлы вакцинациялауға жатады, - деді Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдарова ОҚК-да өткен брифингте.
Ол, бұдан бөлек, 11 жастан асқан қыздардың ата-аналарының өтініштерін ескере отырып, 12-13 жас аралығындағы қыздарға да АПВ-ге қарсы иммундау жүргізуді туралы шешім қабылданғанын айтты.
Ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес және өндірушінің нұсқаулықтарына сәйкес, АПВ-ден қорғау үшін 6 ай аралықпен вакцинаның екі дозасын алу қажет. АПВ-ға қарсы вакцинация еліміздің 9 өңірінде – Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Жетісу, Түркістан, Ұлытау, Ақмола облыстарында және Астана қаласында жүргізілуде, - деді бас онколог.
Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында да АПВ-ға қарсы вакцинация биыл басталды. Қалған 5 өңірде вакцинацияны келесі аптада бастау жоспарланған.
АПВ-ға қарсы вакцинацияны қоса алғанда кез келген вакцинация кәмелетке толмаған баланың ата-анасының немесе оның қамқоршысының ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін ғана жүргізіледі. Бүгінгі күні папиллома вирусын жұқтырудың және жатыр мойны обырының дамуының алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация.
Айта кетейік, жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, орта есеппен 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады.