ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спортшыларды даярлықтың келесі деңгейіне бергені және топтарды басқару үшін жаттықтырушы-оқытушылар құрамын ынталандыру жүйесін енгізу жөніндегі жоба әзірледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл шара балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, спорт клубтары, олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледждер жұмысының жаттықтырушы-оқытушылар құрамының жалақысын арттыруға мүмкіндік береді.
Қаулы жобасына сәйкес жаттықтырушы-оқытушыларға спортшының жоғары тұрған дене шынықтыру-спорт ұйымына ауысқаны үшін базалық лауазымдық жалақының 10%-дан 60%-на дейін қосымшаақы, топтардың басшылығы үшін базалық лауазымдық жалақының 100%-дан 130%-на дейін үстемеақы тағайындау көзделген.
Министрлік жаттықтырушы-оқытушыларды әлеуметтік жағынан қорғау және оларды ынталандыру мақсатында үстемеақы, қосымша ақы төлеу мүмкіндіктерін пысықтап жатыр. Аталған мәселе жіті назарда және біз бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Елімізде спорт түрлері бойынша 15 мыңнан астам жаттықтырушы-оқытушы жұмыс істейді. 2021-2022 жылдары олимпиадалық резервтегі 18 мамандандырылған мектеп-интернат-колледждің, дарынды балаларға арналған республикалық және облыстық спорт мектеп-интернаттардың және 487 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жаттықтырушы-оқытушыларының жалақысы 25%-ға өсті, - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек.