Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада жасыл белдеудің соқпақ жолдар желісін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аумақта уақытты белсенді өткізуге арналған скейтбординг, роликтермен (қыста конькимен) сырғанау, теннис, футбол алаңдары, балалардың ойын аймағы болады.
Сондай-ақ жаяу серуенге,кросс-кантри сабақтарына арналған жол тартылады. Жасыл белдеудің оңтүстік-батыс бөлігінде ұзындығы 23 км-ден астам велосипед жолы салынды. Құс санын арттыру үшін фазанарийді кеңейту мен қайта құру жұмыстары жүргізіледі.Елорданың жасыл белдеуі 1997 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешіміне сәйкес қаланы желден қорғап, халықтың өмір сүруі үшін қолайлы климатты қалыптастыру мақсатында құрылды.
"Жасыл белдеуге" жақын орналасқан ипподром базасында ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалтуға арналған ат-спорты кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Кешен жабық манежден, мінбеден және жаттығу алаңдарынан тұрады. Жабық манеж биыл ашылады.
Мемлекет басшысы ерекше қажеттілігі бар адамдарды оңалту үшін жағдай жасауды тапсырды. Біз мүмкіндігі шектеулі балалардың күтімімен айналып отырған аналармен бірнеше рет кездесіп, олардың ұсыныстарын тыңдадық. Аналар иппотерапия мәселенін көтерді. Биыл иппотерапияға арналған жабық ипподром ашамыз. Балалармен арнайы оқытылған нұсқаушылар шұғылданады. Сабақ үшін жуас жылқылар ғана іріктеледі, - деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Сонымен бірге елордада мүмкіндігі шектеулі адамдарды оңалту үшін 2 оңалту орталығы салынады. Жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында балаларға арналған шағын орталықтар, оңалту орталықтары, емханалар мен т. б. әлеуметтік нысандар ашылады.
Ипподром базасы үш бағыт бойынша дамытылады. Олар: иппотерапия, ұлттық және классикалық спорт түрлерін өткізу және оларға дайындау, Сондай-ақ, туристік бағыт та бар.