Жастарға жұмыс: Шымкентте сұранысқа ие мамандықтар анықталды

30 Мамыр 2019, 18:43
4917
Бөлісу:
Жастарға жұмыс: Шымкентте сұранысқа ие мамандықтар анықталды
PHOTO
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте жастарды жұмыспен қамтуға арналған Prоfеssiоnal жобасы аясында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің кездесуі өтті. Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған кездесуде жұмыс ұсынушылар жастарға өз кәсіпорындары туралы мәлімет берді. 

Кездесуге келген жастардың 113-і гуманитарлық, ал 22-і техникалық мамандықтар бойынша түйіндемесін өткізді. Жұмыс ұсынушылар тарапынан қаржыгер, есепші, менеджер мен педагогтарға сұраныс жоғары екені байқалды.

Prоfеssiоnal жобасы – жоғары және орта арнаулы оқу орындарының бітіруші түлектері мен жұмыссыз жастарды ірі өндіріс мекемелерінде, кәсіпорындар мен мемлекеттік органдарда арнайы тәжірибеден өткізіп, тұрақты жұмысқа орналасуына арналған. Жоба аясында қаладағы «ТоП-100 компаниямен» бірлесіп, жастарды жұмыспен қамту көзделген. Аталған жоба 3 бағыт бойынша жүзеге асырылады:

«Ең алдымен, жұмыс күшін қажет ететін мекемелер жинақталып, топтастырылады. Содан кейін үміткерлер іріктеледі. Жұмыс істеуге ниет білдірген жастар 1-10 күн аралығында кәсіпорындармен бірлесе отырып іріктеу және теориялық, түсіндірме-тренингтерінен өтеді. Түсіндірме жұмыстарынан өткен жастарды іріктелген жас мамандарды сәйкес мамандығына қарай сұратқан мекемелерге тағылымдамадан өтуге жібереміз», - деді Шымкент қаласылық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаев.

Жастарға жұмыс: Шымкентте сұранысқа ие мамандықтар анықталды

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Prоfеssiоnal» жобасына қатысатын жастар қаладағы «ТоП-20» компанияға жіберіледі.

Айта кетсек, Prоfеssiоnal жобасының бастамасымен Шымкент қалалық соты «Жастар практикасы» және «Жол картасы» бағдарламалары аясында 200 бітіруші студентке жұмыс орындарын ұсыны.

Жандос Қалтаевтың айтуынша, алдағы уақытта да, жұмыс күшіне мұқтаж кәсіпорындар мен мекемелерге жастарды еңбекке тарту қарқынды жүреді.

«Жобаның нәтижесінде, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеп, жас мамандар айлық жалақысы бар жұмыспен қамтылады. Кәсіпорын басшылары өз кезегінде жастарды тәжірибеден өткізіп, білікті жас мамандардың ішінен ең үздік кадрларды жасақтай алады. Мұнда бір айта кетерлігі, «Prоfеssiоnal» жобасын жүзеге асыру барысында тараптар жас мамандарды жұмыспен қамтуда сандық емес, сапалық көрсеткіштерге баса назар аударамыз», - деді ол.

Айта кетейік, мұның алдын Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы Prоfеssiоnal жобасы аясында жастарды жұмысқа қабылдаудың басталғанын хабарлаған болатын.

Хабарландыруда Prоfеssiоnal жобасына 14-29 жас аралығындағы, орта арнаулы не жоғары оқу орнын бітірген, бірақ оқыған мамандығы бойынша әлі күнге жұмысқа орналаса алмай жүрген жастар қатысады. Оларға төмендегідей мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары ұсынылады.

Атап айтқанда, Prоfеssiоnal жобасына қаржыгер, бухгалтер, аудитор, менеджер, алғашқы әскери дайындық мұғалімі, медицина мамандары, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, ағылшын тілі маманы, қытай тілі маманы, аспаз, сантехник, тауартанушы, химик, слесарь, газ және электр қондырғысы, Frеоn тоңазытқыш қондырғысының инженері, КИПиА жүргізушісі, бағдарламашы, мектепке дейінгі білім беру (орыс тілі), инженер-техник, электроника инженері, дизайнер, дене шынықтыру пәні мұғалімі, психолог, еңбек пәнінің мұғалімі, дефектолог, невропатолог, физиотерапевт, реабилитолог және экономист мамандары қажет екен.

Аталған мамандық не кәсіп түрлерін оқыған жастар Шымкент қаласының Түркістан көшесі 1-үй мекенжайында орналасқан Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығына келіп, түйіндемесін өткізуіне болады.

Мұның алдын, Prоfеssiоnal жобасын іске асыру мақсатында Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, «Нұр отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы және жұмыс беруші кәсіпорын басшыларымен төртжақты меморандумға қол қойылған.

 

Өзгелердің жаңалығы