Жастарға жеңілдетілген ипотека беру басталды

20 Маусым 2024, 10:40
2478
Бөлісу:
Жастарға жеңілдетілген ипотека беру басталды
Фото: Артём Чурсинов - архив

Теміртауда жұмыс істейтін жастарға тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие беруге өтініштер қабылдау бастады. Құжаттарды қабылдау 28 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

"Теміртау жастары" тұрғын үй-ипотекалық бағдарламасы өткен жылы іске қосылды. Бұл Теміртау қаласы әкімдігі мен "Отбасы банкінің" бірлескен жобасы.

Жоба қалада кемінде бір жыл тұратын және жұмыс істейтін жас мамандарды қолдауға бағытталған. Қатысушылардың жасы - 35 жасқа дейін. Міндетті түрде ҚР азаматтығы және қарыз алушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде жылжымайтын мүлік болмауы (соңғы 5 жыл ішінде) тиіс.

Бағдарламаға Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт жүйелерінің қызметкерлерінен, БАҚ, өндіріс, ЖОО және әлеуметтік сала өкілдерінен басқа квазимемлекеттік сектордың коммуналдық кәсіпорындарының, ТЖМ, жолаушылар көлік кәсіпорындарының, "Оқжетпес-Т" және "Қазпошта" компанияларының қызметкерлері де қатыса алады.

Қарыздың ең жоғары сомасы 15 млн теңге. Үміткерлерде қарыз сомасының кемінде 10% мөлшерінде бастапқы жарнасы болуы тиіс. Бұл ретте тұрғын үйді жылдық 6%-бен ресімдеуге болады. Несие мерзімі - 8 жыл.

Тұрғын үйді бастапқы және қайталама жылжымайтын мүлік нарығында сатып алуға болады.

Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлмира Олжабаеваның айтуынша, "Теміртау жастары" жобасы 2023 жылы өзінің тиімділігін көрсеткен.

– Өткен жылы осы бағдарлама бойынша 517 млн теңгеге жеңілдікті несие берілді. 39 отбасы тұрғын үй сатып алды. Биыл сома ұлғайды, яғни өз пәтерлерін алатын жас отбасылардың саны да артады, – деп атап өтті ол.

Үміткерлер келесі құжаттарды ұсынуы керек:

- жеке куәлік;

- азаматтық хал-ахуалды мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (неке қию және балалардың тууы туралы куәлік – болған жағдайда);

- өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы анықтама;

- ресми бланкіде жұмыс орнынан анықтама (ресми бланк болмаған жағдайда анықтамада ұйымның мөрі болуы тиіс);

- еңбек өтілін растайтын құжат;

- еңбек қызметінің барлық кезеңі үшін зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме;

- мүгедектік туралы анықтама (бар болса).

Құжаттарды 28 маусымға дейін Жастар ресурстық орталығына мына мекен-жай бойынша тапсыру қажет: Құрылысшылар көшесі, 47.

Анықтама телефоны: +7-747-515-27-77.

Өзгелердің жаңалығы