Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимовамен кездесіп, моноқалаларда кеншілер мен металлургтердің отбасыларына тұрғын үй беру мүмкіндігі мен жұмыс істейтін қарағандылық жастарды үймен қамту мәселесін талқылады.
Бұл туралы облыс басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимовамен кездестім. Тұрғын үй берудің жаңа тетіктері, оның ішінде Алматының үлгісі бойынша бастапқы жарнасы 10% болатын 35 жасқа дейінгі қарағандылық жұмыс істейтін жастар үшін ипотека құру мүмкіндігін талқыладық. Банк тарапынан түсіністік пен қолдау бар. Бұл бағдарламаны мүмкіндігінше тезірек іске қосу үшін осы бағытта бірлесіп жұмыс істейтін боламыз. Бағдарламаға әртүрлі саладағы жас мамандарды тартуды жоспарлап отырмыз, - деп жазды Қасымбек.
Сонымен қатар, моноқалаларда кеншілер мен металлургтердің отбасыларына тұрғын үй беру мүмкіндігі талқыланды.
2020 жылы «Отбасы банкі» қарағандылықтарға 34,4 млрд теңге сомасына 4331 қарыз берді. Осы жылдың басынан бері банктің облыстық филиалы 15,2 млрд теңге сомасына 1 300 несие берді. «Шаңырақ» бағыты бойынша ЖАО-да кезекте тұрған 146 адам несие алды. Ал «Бақытты отбасы» бойынша мүгедек бала тәрбиелеп отырған және көпбалалы, сондай-ақ толық емес 547 отбасы өз баспанасына ие болды. 2021 жылдың 26 мамырына «Бақытты отбасы» бағыты бойынша 1 829 қатысушы тіркелді, - деді ол.