Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға 2,5%-бен кредит беру мәселесін көтергені белгілі. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлі мұның шартын дайындамаған. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ халыққа шарт әлі дайын емес, біз жұмыс істей алмай отырмыз деген уәж айтқан. Тілшілер министрліктен Жаңа жылдан кейін берілуі тиіс несие шартының неге кешіктіріліп жатқанын сұрады.
Біз, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (жеңілдетілген кредитке – ред.) ережелерді толық дайындадық. Бұйрықтар шықты. Әділет министрлігінен тіркеуден өтті. Қазір жастарға арналған 2,5 пайыздық несиеге біз жауап береміз. Алайда 2,5 пайыздық несие Ауыл шаруашылығы министрлігінде де бар. Соны шатастырып алмау керек, - деп түсіндірді вице-министр Сенат отырысынан кейін кулуарда БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Айтуынша, министрлік бұл мәселеге қатысты толық шешім қабылдаған.
Бүгінде жергілікті атқарушы органдармен осы механизм бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Оның (жастарға арналған кредиттің – ред.) мерзімі бар. Осы айдың ішінде жергілікті атқарушы органдары және қаржы министрлігімен кредиттік келісімге қол қоямыз. Осы келесі айдан бастап, (кредит беруді – ред.) бастаймыз. Оған қатысты ешқандай мәселе жоқ, - деді ведомство өкілі.
Ал «Келесі айдың бірінен бастап кредит беріле бастай ма?» деген сұраққа вице-министр «Иә» деп жауап берді.