Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Менталды денсаулықты дамыту орталығының бастамасымен "Жастардың репродуктивті денсаулығы және ЖЖБИ-ге қарсы тұру" тақырыбында студенттермен ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шара 2025 жылғы 12–16 мамыр аралығында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы жариялаған Репродуктивті денсаулық апталығы аясында ұйымдастырылды.
Жасөспірімдер мен жастардың жыныстық және репродуктивті денсаулығы, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) таралу жолдары, олардың алдын алу әдістері және дер кезінде медициналық көмекке жүгінудің маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыру, сондай-ақ осы тақырыптар бойынша қалыптасқан стигма мен ұят сезімі сияқты психологиялық тосқауылдарды азайту шараның басты мақсаты.

Кездесу барысында спикер – балалар және жасөспірімдер гинекологы, Қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығының маманы Септенова Қарлығаш Мұратовна жастармен ашық диалог орнатып, репродуктивті денсаулықтың негіздері мен қауіпсіз мінез-құлықтың маңыздылығы жайында айтты. Сонымен қатар, ол жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) белгілері, диагностикасы және емдеу жолдары туралы нақты әрі түсінікті ақпарат ұсынды.
Кездесу интерактивті форматта өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарды еркін қойып, нақты әрі кәсіби жауаптар алды. Спикер жастардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы – олардың болашағы мен қоғамның дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.
Шара соңында қатысушыларға тақырыпқа қатысты ақпараттық парақшалар таратылып, қажетті жағдайда қайда және қалай көмек алуға болатыны туралы нұсқаулықтар берілді.
Бұл іс-шара университеттегі жастар арасында денсаулық мәдениетін қалыптастыруға және репродуктивті сауаттылықты арттыруға ықпал етті.