Көшеде жүрген жастарды әскерге әкету қаншалықты заңды? Бұл сұраққа Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз, Қорғаныс министрлігі, шақырту уақытын аяқтап қалды. Қазір жүріп жатқаны Ішкі істер министрлігінің Ұлан қатарына шақыруы. Бұған кешенді қарау керек. Біз осы уақытқа дейін Қазақстан азаматтарын заң жүзінде ешқандай жазаға тартқан жоқпыз. Оның ішінде айыппұл салу мәселесі де бар. Қазір шақыру науқаны уақытылы өтіп жатыр. Бұл жерде менің барлық жас жігіттерге айтарым – әскерден қашпау керек. Әскерден қорықпау керек, әскери дайындықтан өту керек және уақыты келгенде Отанды қорғауға дайын болу керек, - дейді ол.
Қорғаныс министрінің орынбасары әскерде тәртіп бар екенін айтады.
Бірақ бес саусақ бірдей емес. Түрлі күштік құрылымдарда 100 мың адам бар. Әртүрлі адамдар. Тәртіп бұзылған жағдайда, олардың бәрі заңды түрде жазаланады, - дейді Шайх-Хасан Жазықбаев.