Маңғыстау, baq.kz. Биыл Маңғыстау облысында Жастар жылына орай 100 шара өткізіледі. 3000 орындық жатақхана салынып, 200 ден астам жасқа үй алуға несие беріледі. Бұл туралы бүгін Маңғыстау облысы «Өңірлік Коммуникациялар қызметі алаңында» жүргізілген брифинг барысында Жастар саясаты басқармасы басшысы Бауыржан Тұяқов мәлім етті.
Брифинг барысында спикерлер «2019 - жастар жылында» 100 нақты қадамдардан тұратын жол картасының басымдық берілетін бағыттары бойынша атқарылатын жоспарды және желілік кестеге сәйкес имидждік шаралар бойынша баяндады.
Маңғыстау облысы бойынша бүгінгі таңда 14 пен 29 жас аралығында 145 657 жас бар, бұл жалпы облыс тұрғындарының 22,1% пайызын құрайды. Қалаларда – 70 174, ауылдық жерлерде 75 483 жас тұрады.
Ал, «Облыстық жастар ресурстық орталығы» директоры Досан Жеткізгеннің айтуы бойынша, аймақта 8 жастар ресурстық орталығы қызмет атқарады, оның ішінде 1-облыстық және аудан, қала деңгейінде, 7 - «Жастардың ресурстық орталықтары» коммуналдық мемлекеттік мекемелері. Сондай-ақ, спикер Маңғыстауда тұңғыш рет ашылған жастарға арналған "Арман" коворкинг орталығы туралы да сөз етті.
Елбасының Жарлығымен 2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланды. Осы орайда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, барлық басқармалар мен департаменттер, қалалар мен аудандар әкімдерімен бірлесе отырып 2019 жылға арналған жол картасы аясындағы 100 нақты шараны іске асырады. Атап айтқанда ағымдағы жылы: жыл басында«Жастар жылының» ашылу рәсімін ұйымдастырып, өңір жастарына жобаларды таныстырылады.
Оның ішінде 2 ірі халықаралық шара ұйымдастыру көзделіп отыр. Бірінші, тамыз айында Ақтау саммитінің 1 жылдығы аясында Маңғыстауға шекаралас мемлекет жастарының «Жастар достығы – 2019» форумы. Екінші халықаралық ауқымды шара – Жастар марафоны. Мамыр айына жоспарланған шараға тек Каспий маңы емес, дүниежүзі елдерінен ниеттілер қатыса алады. Бұл шара – Ақтаудың танымалдылығына, Маңғыстау облысының имиджіне оң әсерін тигізеді.