Жастар тегін психологиялық көмекті қайдан ала алады

5 Желтоқсан 2023, 11:44
900
Бөлісу:
Жастар тегін психологиялық көмекті қайдан ала алады
Фото: автордан

Психологиялық көмекке жүгіну мәдениетінің ғылыми аспектілері, сондай-ақ 2023 жылы «BF Line - кәмелетке толмағандар мен жастарды психологиялық қолдау қызметі» жобасын іске асыру қорытындылары бойынша дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «жас ұрпақтарда психологиялық көмекке жүгіну мәдениетін дамыту» бағыты бойынша «BF Line - кәмелетке толмағандар мен жастарды психологиялық қолдау қызметі» жобасын жүзеге асырылып жатыр. 

Бұл жоба 2022 жылғы деңгеймен салыстырғанда жастардың өз болашағына қатысты алаңдаушылық деңгейін төмендетуге, сондай-ақ жастардың психологиялық денсаулығын нығайтуға және жас ұрпақтарда психологиялық көмекке жүгіну мәдениетінің деңгейін арттыруға бағытталған.

Психотерапевт, BF Line жобасының жетекшісі Жанат Досжанованың айтуынша,«BF Line - кәмелетке толмағандар мен жастарды психологиялық қолдау қызметі» жобасы биыл іске қосылған.

Жоба 2023 жылы еліміздің 6 өңірінде, атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында және Ұлытау облысында жүзеге асырылып келеді. 2024-2025 жылдары еліміздің барлық өңірін қамту жоспарланып отыр.

Жобаның мақсатты аудиториясы - 14 пен 35 жас аралығындағы жастарға психологиялық қолдау көрсету, сонымен қатар жастар арасында психологиялық көмекке жүгіну мәдениеті деңгейін көтеру, кәмелетке толмағандар мен жастардың психологиялық денсаулығын нығайту, - деді Жанар Досжанова.

Жобаны жүзеге асыру аясында BF Line командасы психологиялық қолдау және жастардың психикалық денсаулығы туралы ақпаратты арттыру мақсатында bfline.org сайтын іске қосты.
Қазіргі уақытта сайтта 1 348 өтініш өңделді, оның ішінде 602 өтініш өзін алаңдатқан мәселе бойынша мамандарынан кеңес алды.

Психологтың айтуынша, жастар көмекті тегін ала алады. Ол үшін азамат сайтқа кіріп, өтініш қалдыруы қажет. Кейін мамандар көмекке жүгінген азаматқа хабарласып, әңгімелесетін уақытты белгілейді.

Жастар көбіне отбасындағы кикілжің, күйзеліс, мазасыздық жағдайы, өзін төмен бағалау, сенімсіздік және т.б. басқа мәселелер бойынша жүгінеді. 27-35 жас аралағындағы азаматтар жиі жүгінеді. Оған қоса оқушылар да бар. Бірақ оқушыларды ата-анасының рұқсатымен қабылдаймыз, - деп айтты психолог.

Көмекке жүгінген адам бір ғана қабылдаудан өтпейді. Оларды мәселесі шешілгенше қабылдаймыз. Ол аптасына 1-2 рет болуы мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы