Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, халықтың жекелеген санаттары үшін арнайы жобалар қарастырылған.
Зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарды жұмысқа орналастыру мүмкіндігін кеңейту үшін «Күміс жас» жобасына өзгерістер енгізілді: қатысушылардың жасы 50 жасқа дейін төмендетілді және қатысушылардың жалақысын субсидиялау мерзімі 3 жылға дейін ұлғайтылды. Бұдан басқа мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру тетігі қайта қаралды. Жұмыс берушілерге жұмыс орнын ұйымдастыру үшін 300 АЕК-ке дейінгі мөлшерде шығындар өтеледі. Бұл ретте мемлекет 3 жыл ішінде жұмысқа орналастырылған адамдардың жалақысын да субсидиялайды, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Ал жұмыс тәжірибесі жоқ жастар үшін «Жастар практикасы» және «Бірінші жұмыс орны» жобаларын іске асыру жалғастырылатын болады.
Мобильді оқу орталықтары мен мобильді жұмыспен қамту орталықтарын ұйымдастыру арқылы шалғайдағы елді мекендерді қамту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар ерекше назар аударуға лайық. Арнайы жабдықталған жылжымалы оқу орталықтары қысқа мерзімді курстарға қолжетімділікті, практикадан өту мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда олар еліміздің 6 өңірінде: Абай облыстарында, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау өңірлерінде қолжетімді, – деді Олжас Ордабаев.
Белгілі болғандай, мобильдік жұмыспен қамту орталықтары халықты жұмыспен қамту шаралары туралы хабардар етуді арттыру, сондай-ақ ейіннен жұмысқа орналастыру үшін ұйымдастырылған. Жыл соңына дейін барлық өңірге 2,9 мың маман жіберу жоспарланып отыр.