Жамбыл облысына қарасты Жамбыл ауданында халық санының 30,4 процентін жастар құрайды. Нақтысы, аудан аумағында 26 752 жас бар. Ауылдағы жастардың жайы қалай? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Жандар Тоқсаба мен аудандық білім бөлімінің басшысы Зәуре Абдирасилованы аз-кем сөзге тартты.
2024 жылғы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету қажеттігін ерекше атап өтті. Осы орайда, Президент бастамасымен қолға алынған «Заң мен тәртіп» қағидасын бұлжытпай іске асыру мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының басты міндеті болып белгіленді. Сонымен қатар, 2025 жылы қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті жастардың құқықтарын қорғау мәселесіне айрықша назар аударды. Ол алаяқтық, нашақорлық және лудомания сияқты қоғамдағы өзекті проблемаларға тоқталып, осы бағыттарда нақты тапсырмалар берді. Мемлекеттік органдар тарапынан бұл бағытта бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда. Олар негізінен білім беру мекемелерінде, қоғамдық орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты.
Жамбыл облысына қарасты Жамбыл ауданында халық санының 30,4 пайызын жастар құрайды. Нақтысы 26 752 жас бар. Оның ішінде 14 пен 18 жас аралығындағы 7024-і мектеп оқушысы. Бүгінгі таңда ауданда жастар саясатын дамыту бағыты мен жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, білім беру және мәдени шараларға тарту негізінде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап өтсек, өткен жылы 1929 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Сонымен бірге «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында 10 жасқа тұрғын үй сатып алуға немесе салуға жалпы 81 млн 224 мың теңге бюджеттік несие берілді. 20 жас маманға 7 млн 384 мың теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы төленді. «Ауыл аманаты» жобасына 142 жас қатысып, олар жеке кәсіптерін дамытуға 2,5 пайызбен жалпы 721 млн 320 мың теңге жеңілдетілген несие алды. Бұл игілікті іс шаралар биыл да өз жалғасын табады дейді, жергілікті билік. Осындай жобалардың басы-қасында жүрген «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Жандар Тоқсабадан жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар барысын сұраған едік.
Бүгінде ауданда «Жастар және заң» ақпараттық жобасы аясында жастар мен жасөспірімдерге кеңес беру алаңдары құрылған. Кеңеске құқық қорғау органдары, сала мамандары және психологтар тартылған. Ағымдағы жылы 3 кеңес өтіп, 55 адам құқықтық, психологяиық, әлеуметтік бағытта және жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, тұрғын үймен қамту саласы бойынша мәлімет алды. Ал 2024 жылы 22 құқықтық кеңес беру алаңы өткізіліп, қамтылған жалпы жастар саны – 578-ді құрады. Жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді үйлестіру арқылы олардың бойына адамгершілік, Отансүйгіштік қасиетті баулу мақсатында «Еріктілер қозғалысы» жұмыс жүргізеді. Өткен жылы волонтерлік бағытта 744 іс-шара өткізіліп, оларға 10 614 жас ерікті атсалысқан. «Қамқорлық» бағыты бойынша құрылған еріктілер Айшабибі ауылының тұрғыны, көпбалалы анаға баспанасын көтеріп беруге атсалысты. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш десек те болады. Ерікті жастар атқарған игі істер «Таза әлем», «Білім», «Үміт», Асыл мұра» сынды бірнеше бағыттарда іске асуда. Кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты қылмыс пен құқық бұзушылық профилактикасы күнделікті қатаң бақылауда. Өткен жылы жүргізілген түнгі рейд жұмыстары барысында сағат 23.00-ден 06.00-ге дейінгі уақыт аралығында тұрғын жайдан тыс жерлерде заңды өкілдерінсіз жүрген 340 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып, балалардың ата-аналарына ескерту берілді. Аудандағы бақылауды қажет ететін санаттағы балалардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына бақылау жүйелі жүргізілуде, – дейді «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Жандар Тоқсаба.
Жастар мен жасөспірімдердің оның ішінде оқушылардың қауіпсіздігі бойынша жұмыстар білім бөлімі тарапынан да бақылауда. Оқу жылының басынан «Қауіпсіз аула» бағдарламасы жүзеге асып, оның аясында аясында білім беру мекемелерінде, қоғамдық орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйелері орнатылып, учаскелік инспекторлардың жұмысы күшейтілген. Оның ішінде ауданға қарасты 77 білім беру мекемесі 2 топқа бөлініп, 100 % бейнебақылау камераларын полиция бөліміне интеграциялау, мамандандырылған күзет қызметі, дабыл түймесі, турникеттермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Бұдан өзге де жұмыстарды білмекке Жамбыл аудандық білім бөлімінің басшысы Зәуре Абдирасилованы сөзге тарттық.
Ауданды оқу жылының басынан бастап құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Бестерек», «Komek Stop Bullying», «Психологиялық қызмет HR+», «ДосболLIKE» бағдарламалары іске асырылуда. Жасөспірімдерге шұғыл хабарласуға арналған 109, 111 сенім телефондары толық ақпараттандырылған. Жасөспірімдер арасында достық, бірлік, ынтымақтастық қасиеттерін қалыптастыру мақсатында бүкіл мектептерді қамтыған «Кел, дос болайық» тимбилдинг ойындарын өткізілді. Бала тәрбиесіндегі отбасының рөлін арттыру мақсатында 30 мектепте «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталықтары ашылып, «Аталар мектебі», «Әкелер мектебі», «Әжелер мектебі», «Аналар мектебі», «Даналық мектебі» құрылған және жаңа мазмұнда жұмыс жүргізуде. Ата-аналармен оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 500-ге тарта тәрбие сабақ өткізіліп, 10 мыңнан астам ата-ана қамтылды. Прокуратура, полиция өкілдерінің қатысуымен «Баланың бас ұстазы – ата-ана!», «Бала қауіпсіздігі –басты назарда!», «Ұрпақ тәрбиесі –ұлт болашағы» тақырыптарында аудандық ата-аналар жиналысы, ата-аналар форумдары өткізілді. Оқушылардың құқықтық сауатын көтеру және құқық бұзушылық алдын алу бағытында сот процестеріне қатыстыру, түзету мекемелерімен таныстыру жұмыстары жүргізілді. Ауданда республикалық «100 медиативтік мектеп» жобасы аясында Айша бибі мектебінде «Медиация» орталығы ашылды. Жаңа орталық ата-ана –білім алушы – ұстаз ынтымақтастығы мен бірлігін нығайтуға ықпал жасап, жасөспірімдердің құқықтық санасын қалыптастыруға ықпал етеді. Бұдан бөлек балалар арасындағы ерте жүктіліктің, құқықбұзушылықтың, жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша аудандық орталық емхана жанында «Сенім» жастар денсаулық орталығы жұмыс атқарады. Негізгі міндеті 10-29 жас аралығындағы жастарға дұрыс репродуктивті, дұрыс психикалық есеюге денсаулықты сақтау және отбасын жоспарлау мәселелері бойынша жоғары мамандандырылған медициналық-әлеуметтік көмек көрсету. Орталықта жастарды анонимді қабылдау кабинеті кеңес жүргізеді, – деп өз сөзін түйіндеді Зәуре Садуақасқызы.
Халқына қамқор, жұртына жанашыр, тәрбиелі де тәртіпті ұрпақ ешқашан құқық бұзушылыққа бармайды. Ал бала – басты байлық. Сол бала атаулыға ортақ құндылықтар бар. Олар – туған отбасы, білім алатын мекені, қамқорлық пен сүйіспеншілікке баулитын ортасы. Осы үш діңгек бірге болса еліне адал жалынды жастар шығатыны ақиқат. Сондықтан жоғарыдағы аталған жұмыстар алдағы уақытта да күн тәртібінен түспек емес. Ал мамандар бұл ретте ата-аналардан да үлкен қолдау болса деген ниеттерін жеткізді. Өйткені, бала тәрбиесі көз жұмып қарайтын дүние емес екені анық. Сол үшін отбасындағы әке де, ана да бала тәрбиесіне жауапты екендігін естен шығармағаны жөн.